06 мам, 2022 сағат 10:55

Теңге бағамының нығаюы уақытша құбылыс – сарапшы


GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық кейінгі күндері теңгенің долларға қатысты бағамының нығаюын уақытша құбылыс деп санайды. Сарапшы мұндай пайымының мәнін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экономистің айтуынша, теңге бағамының кейінгі күндері Ресей Федерациясына санкция салынбай тұрған кездегі деңгейінен де жоғары болуына бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр.

«Теңгеміздің құны артуының факторы Ұлттық қордан түсіп жатқан аударымдардың болуы деп айтушы едім. Ең негізгі фактор - осы. Ұлттық қордан түсетін аударымдарды арттырамыз деген шешім қалай шықты, содан бастап теңгеміздің құны арта бастады. Әр ай сайын 1 млрд долларға жуық қаражат елімізге аударылып жатыр. Оның бәрі қор нарығы арқылы өтеді, сол қаражатқа теңге сатып алынады. Оның бәрі түптеп келгенде долларға деген ішкі тапшылықты жояды. Осылайша теңгенің құны артады», - дейді сарапшы.

Ғалым Ұлттық банктің теңге интервенциясы туралы мәлімдемелеріне қатысты да өз пайымын айтты.

«Ұлттық банк сәуір айында интервенция жасап отырған жоқпыз деп мәлімдеме жасады. Ал наурыз айында 1 млрд долларға жуық интервенция болған еді және Ұлттық қордан 800 млн долларға жуық қаражат аударым жасалды. Сонда наурыз айында теңгемізді тұрақтандыру үшін 1,7 млрд доллардан астам қаражат жұмылдырылды. Енді әр ай сайын Ұлттық банктің алтын-валюта қорынан интервенцияға артық ақша жұмсалмаса да, Ұлттық қордан ақша аударылып жатыр. Бұл теңгеміздің құнын арттыратыны сөзсіз. Базалық пайыздық мөлшерлеменің ұлғаюы да теңгені нығайтады. Өйткені теңгедегі депозиттердің құны артады, азаматтар теңгедегі депозиттерге көбірек ақша аударады. Ол да теңгемізге деген сұранысты белгілі бір дәрежеде арттырады», - деп қосты Мақсат Халық.

Экономистің сөзіне қарағанда, Ресей рублінің құны артқаны да теңге бағамына уақтыша болса да оң әсер етіп тұр.

«Оның негізгі себебі – Ресей Ұлттық банкінің рубльдің құнын қолмен, күштеп арттарып отырған саясат. Ресейге мұнай сатудан миллиардтаған доллар түсіп жатыр. Ол қаражатқа Ресей үкіметі өздеріне қажетті техниканы, автоөндіріске қажет қосалқы бөлшектерді, ғарыш, компьютер технологияларын сырттан сатып ала алмай отыр. Қазір ешкім Ресейге ондай тауарын сатып жатқан жоқ. Осы тұрғыдан ол қаражаттың бәрі Ресейге жинақталып жатыр да, рубльдің уақытша құнды болу фазасы орын алып тұр. Ол да теңгеміздің құнды болуына әсер етеді», - деді сарапшы.

Сондай-ақ, ол мұнай бағасының бір баррелі 100 доллардан асып тұруы да теңгенің құнын арттырып жатыр. 

«Каспий құбыр консорциумындағы қиындықтар кезінде жағдай түсініксіз болатын. Құбырдағы жөндеу жұмыстары бітуге жақын деген ақпараттың шығуы да теңгеміздің, экспорттық әлеуетіміздің биыл оң сипатта болатынын көрсетіп, теңгемізге біраз құн беріп тұр. Менің ойымша, бұл уақытша. Себебі Ресей рублі тұрақты болып қалады деген нақты алғышарт жоқ. Ресейге бәрібір мұнайдан келген доллар арқылы сыртқы қарызының есебін жүргізу керек. Әзірге Ресей билігі сыртқы қарызды рубльмен қайтарамыз деп мінез көрсетіп отыр. Бірақ әлем қауымдастығы ондай қадамға бармайды, дефолт жариялауы мүмкін. Сондықтан жазға қарай Ресейге салынған санкциялардың салдарын көреміз. Тағы да бір мәселе бар. Жазға қарай, жалпы осы жылдың ішінде доллардың индексі көтеріліп жатыр. Федералдық резерв жүйесі 4 мамырда доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін өсірді. Жыл бойында тағы да өсіреді. Демек, доллардың қымбаттауы басталды. Әлемде өзге валюталар долларға қатысты құнын жоғалтып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде ұзақ мерзімде теңгемізге белгілі бір дәрежеде сын-қатер, қысым болады деген сөз», - деп түйіндеді Мақсат Халық.