28 қаз, 2020 сағат 11:15

Теңге бағамына мұнай бағасының төмендеуі ықпал етеді – Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық Банкі Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов теңге бағамына қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өткен жұмадан бері теңге бағамы 0,54%-ға әлсіреп, бүгін таңертең 430,20 теңге болды. 

«Ең алдымен ұлттық валютаға мұнай бағасының төмендеуі ықпал етеді. Brent сұрыпты мұнай бағасы өткен жұмамен салыстырғанда 3%-дан астам төмендеді және бүгін бір баррель үшін $40,5 болды. Бағаның төмендеуіне АҚШ, Франция мен Ресейді қоса алғанда бірқатар елдерде COVID-19-ды жұқтыру жағдайлары санының күрт өсуіне байланысты сұраныстың баяулауынан қауіптену ықпал етеді. Ливия ұлттық мұнай корпорациясының мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 1 миллион баррельге дейін қалпына келтіру туралы хабарламасы мұнай бағасына қосымша қысым әкелді», - деді Нұржан Тұрсынханов.

Оның айтуынша, АҚШ-тағы шикі мұнай қорының өсуі туралы жаңалықтар мұнай бағасына қысым көрсетудің қосымша факторы болды.

«Әлемдік қор нарықтарында да жағдай әзірге көңіл көншітерлік емес. Экономиканы қолдау шаралары мен фискалдық шаралар топтамасы бойынша келіссөздердегі үзіліс, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы аясында АҚШ-тың акциялар нарығы сауда-саттықтың соңғы үш күнінде құлдырап жатыр. Еуропа нарықтары сырқаттанушылар санының өсуіне байланысты енгізілген шектеу шаралары аясында төмендеп барады. 

Осының әсерінен дамушы елдердің активтеріне сұранысының төмендеуі байқалады. Жұмамен салыстырғанда Мексика песосы долларға шаққанда 0,7%-ға, Ресей рублі 1,5%-ға, Бразилия реалы 1,6%-ға, ал Түркия лирасы 2,9%-ға әлсіреді. Түрік лирасының бағамы Түркияның Франциямен қарым-қатынасындағы шиеленістерге және орталық банктің негізгі мөлшерлемені өзгеріссіз сақтау туралы шешіміне байланысты рекордтық минимумды жаңартты. Ресей рублі салық аптасы аяқталғаннан кейін және дамушы елдер нарықтарындағы жалпы үрдістен кейін әлсіреді. Бюджеттік қағидалар және Сбербанк акциялары бойынша мәміледен валюта қалдығын сату шеңберіндегі тұрақты операциялардан басқа, РФ Орталық банкі 26 қазаннан бастап Қаржы министрлігінің «Аэрофлот» ЖАҚ акцияларымен мәмілесі шеңберінде валютаны қосымша сатуға кірісті», - деді сарапшы.

Теңгенің айырбастау бағамы энергия тасымалдаушылар нарықтарындағы және дамушы елдер нарықтарындағы негізгі үрдістерге сәйкес келіп отыр.