28 қаз, 2021 сағат 15:19

Тендер ұтып беремін: Алаяқ Тараз тұрғынын жарты млн теңгеге алдады


Жамбылдық тұрғын тендер ұтып беремін деген желеумен танысының жарты миллион теңгеден астам ақшасын иемденіп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараз қаласының Полиция басқармасына 34 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, 2020 жылдың сәуір айында оның танысы, ер адам құрылыс тендерін ұтып алуға көмектесу мақсатында сенімге кіріп, алдау жолымен оның 530 мың теңге сомасындағы ақшасын иемденгенін айтқан. 

Іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері облыс орталығының 36 жастағы тұрғынын ұстады. Жәбірленуші күдіктіні таныды. 

«Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, қазіргі таңда тергеу шаралары жүргізілуде. Осы қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», - делінген полиция хабарламасында.

Жамбыл облысының Полиция департаменті тұрғындарға сақ және мұқият болу қажеттігін ескертеді.