26 там, 2021 сағат 20:03

Теміртауда жалған вакцинация фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды


Теміртауда 59 жастағы ер адам COVID-19-дан көз жұмды. Бір күннен кейін мәліметтер базасында ол коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның екінші компонентін алғаны туралы белгі пайда болды. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің бірінің дәрігерлерін вакцинация паспортын қолдан жасады деген күдік бойынша тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысының полиция департаменті ҚР ҚК 385-бабы «Ресми құжаттарды қолдан жасау және өткізу» бойынша қозғалған қылмыстық істі тіркеп, тергеуді бастады.

Аталған фактіні Қарағанды облысының Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті COVID-19-ға қарсы вакцинацияланғандардың арасында коронавирустық инфекциядан болатын өлім-жітімге қатысты мониторинг жүргізу барысында анықтады.

«Айта кетерлігі, Теміртау қаласының 59 жастағы тұрғыны жұқпалы аурулар госпиталіне жатқызылғанға дейін вакцинаның бірінші компонентімен екпе алды деген мәлімет болған. Бес күннен кейін бұл азамат індеттен көз жұмды. Алайда, ол қайтыс болғаннан кейінгі күні базада ер адамның вакцинаның екінші компонентін алғаны туралы белгі пайда болды. Бұл, әрине, оның алғашқы вакцинаны алуына қатысты мамандардың күмәнін тудырды», - деп түсіндірді полиция департаментінің тергеу бөлімінің бастығы Алмаз Саламатов.

Құқық бұзушылық расталған жағдайда кінәлілерге 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге тура келеді немесе олар екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде. Тиісті инстанцияларға сұраныстар жолданды. Тергеу барысы Облыстың ПД басшылығының бақылауына алынды.