48 жастағы ер адам героин сатқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
25 ақпанда желілік полиция басқармасына белгісіз ер адамның Алматы-1 теміржол вокзалының аумағында героин сатумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Алибаев айтты.
Оның айтуынша, көлік полицейлері жедел-іздестіру барысында Алматы қаласының 48 жастағы тұрғынын ұстаған.
«Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес күдіктіден тәркіленген зат жалпы салмағы 0,15 граммды құрайтын героин болып шықты. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілді», - дейді полиция полковнигі.
Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен жоғарыда аталған құқықбұзушы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жыл басынан бері көлік полицейлері есірткі айналымына байланысты 403 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 28 өткізу фактісі, 18 аса ірі мөлшерде сақтау фактісі және 4 контрабанда фактісі бар.
Заңсыз айналымнан 158 келіден аса түрлі есірткі құралдары тәркіленді.