10 жел, 2025 сағат 11:03

Телефон алаяқтарына тосқауыл: 1414 коды енді бұрынғыдай жіберілмейді

Фото: ашық дереккөз

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратураның үйлестіруімен қазақстандықтарды телефон алаяқтарынан қорғау шараларын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұған дейін бірқатар мемлекеттік қызметтер мен ақпараттық жүйелерге кіру тек SMS арқылы жіберілетін бір реттік кодпен расталатын. Алаяқтар осыны пайдаланып, «жәбірленушінің» телефон нөмірін енгізіп, 1414 нөмірінен растау кодын жібертіп отырған.

Осы олқылықтың алдын алу үшін ақпараттық жүйе иелеріне 1414 нөмірінен SMS жіберу тетігін қолдануға қойылатын талаптар күшейтілді.

Енді 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын мемлекеттік жүйелерге қолжеткізу тек:

  • биометриялық аутентификация (FaceID),

  • электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ),

  • немесе eGov QR арқылы ғана мүмкін болады.

Жаңа міндетті талаптарды желтоқсан айына дейін енгізбеген ақпараттық ресурстар 1414 SMS-шлюзін пайдалану қызметінен ажыратылады.

Министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтыққа қарсы күрес пен азаматтардың жеке деректерін қорғауға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырып келеді.

Сонымен қатар eGov Mobile қосымшасына күдік тудыратын әрекеттерді тану, кибергигиенаны сақтау және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі нұсқаулықтары көрсетілген ақпараттық баннерлер орналастырылды.