АҚШ-тың оңтүстігіндегі Техас штаты Ювалде қаласындағы бастауыш мектепке қарулы шабуыл жасалып, кемінде 19 бала және бір мұғалім қаза болды. Әзірге толық емес мәліметке қарағанда, күдіктіні полиция атып өлтірген. Бұл жөнінде CBS агенттігі хабарлады.
Ресми орындардың хабарлауынша, 18 жастағы шабуылдаушы Сальвадор Рамос бастауыш мектепке шабуыл жасамай тұрып әжесінің үйінде оқ атқан.
Жасөспірім Мексика шекарасына жақын Ювалде қаласында студент болған.
"Ол әуелі әжесінің үйінде оған оқ атқан" деді Техас қоғам қауіпсіздігі департаментінің өкілі Эрик Естрада. Оның сөзіне қарағанда, әжесі әуе ұшағымен ауруханаға жеткізілген. 66 жастағы әйелдің жағдайы ауыр деп айтылады.
Ақпаратқа қарағанда, әжесінің үйінен шыққаннан кейін Сальвадор Рамостың көлігі жолшыбай бастауыш мектептің маңындағы арыққа тығылған. Бұдан соң Рамос қаруымен мектепке кіріп, оқ атқан.
Оқиға сейсенбі, 24 мамырда болған. Бастауыш мектепте 7 мен 10 жас аралығындағы балалар оқиды. Шабуыл кезінде кемінде 15 адам зардап шеккен.
"Шабуылға қандай оқиғаның түрткі болғаны белгісіз. Қала тұрғындары мен мектеп оқушыларының басым бөлігінің тегі испан. Оқушылардың көбі тұрмысы нашар отбасылардан шыққан" - деп жазды The Texas Tribune сайты.
Оқиға жайлы Президент Джо Байденге хабар берілді. Бұл - штат тарихындағы ең қанды шабуылдардың бірі. 1966 жылы Техас университетінің мұнарасындағы атыстан 16 адам қаза болған. 2018 жылы Санта Фе орта мектебіндегі атыстан он адам опат болған.