08 қаң, 2020 сағат 14:00

Тегерандағы апат: Ұшақ бортында 7 елдің азаматтары болған

Тегеранда апатқа ұшыраған Украина ұшағында мерт болғандардың басым бөлігі – Иран және Канада азаматтары. Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі Вадим Пристайко Twitter-де жазды, – деп хабарлайды УКРИНФОРМ агенттігі.

«Қазір PS752 апатында қаза тапқандардың қай елдің азаматы екендігі жайлы мынадай ақпарат бар: Иран – 82; Канада – 63; Украина - 2 + 9 (экипаж); Швеция – 10; Ауғанстан - 4; ГФР - 3; Ұлыбритания – 3», - деп жазды Украина СІМ басшысы Пристайко. Ол әуе апатында адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтып, Украина билігі тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті.

Агенттіктің хабарлауынша, сәрсенбі, 8 қаңтарда Тегеран уақытымен 6:00-де Имам Хомейни атындағы әуежайдан Тегеран-Киев бағытымен ұшып шыққан «Украина халықаралық әуе желілері» әуе компаниясының Boeing-737 ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортында 177 адам болған: 168 жолаушы және 9 экипаж мүшесі. Барлығы мерт болды.

Украина президенті Владимир Зеленский қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.