03 қар, 2020 сағат 14:41

Театр ұжымы қазақстандықтарды індет қаупінен сақтануға шақырды

Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры індет қаупінен сақтанып, қиын кезеңде түсіністік пен бірлік танытуға шақырды. Театр актерлеры осыған орай видеоролик түсірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Дерт көп. Денсаулық біреу», «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде», «Біздің басты байлығымыз – ол мықты денсаулығымыз», «Дос-жаран ауырып қалғанда селсоқ жүрерсің, әлекке ауру салғанда қадірін жанның білерсің», «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деп халыққа үндеу тастаған театр актерлары індет қайтадан өршитіндей сипат танытып келе жатқанын ескертті.

Әріптестерінің сөзін қолдаған театр директоры Азамат Сатыбалды үш нәрсенің, даудың, жаудың және қайтадан қозған аурудың алдын алу керектігін айтты.

«Аса қадірлі ағайын! Қазақта «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Ауру айтып келмейді. Қазір еліміздің басында өтіп жатқан індет бәрімізге сын. Әйтеуір аман-есен біріншісінен өттік. Иә, қиындықтар мен қазалар болды. Жақындарымыздан айырылдық. Ол енді Алланың әмірі. Ешкім қарсы келе алмайды. Десе де, «сақтансаң сақтайды» дейді атам қазақ. Ал енді қазір жаңалықтардан пандемияның қайтадан күшіне енгенін көріп жатырсыздар. Осы індеттен аман-есен шығайық. Ол үшін сақтық қана керек. Көп адам шоғырланған жерге бармай, тіпті өзіңді ғана емес, өзгені де ауыртпауың керек. Сол үшін әрбір адам бұған жауапкершілікпен қарауы тиіс. Мен барша көрерменді, ағайын-туысты, елді, жұртты сақтануға шақырамын. Сақтық шараларын ұстаныңыздар. Біріккенде, бір болғанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана жеңеміз. Сол үшін баршаңызды сақтық шараларын сақтап, аман-есен болуыңызды тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай», - дейді Азамат Сатыбалды.

Еске сала кетсек осыдан бірнеше күн бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға үндеген болатын.

 

«Көптеген шет елдердегі коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Қазақстандықтарды Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын ұстанып, карантин шараларын сақтауға шақырамын», - деп жазды Президент Twitter-де.