Тәжікстанның әділет министрлігінің қылмыстық жазаны атқару басқармасының басшысы түрмеде 4 тұтқынның пневмониядан қайтыс болғанын растады.
"Түрмеде адам өлімі болды. Бірақ қайтыс болғандар санының артуы барлық тұтқындар өліп жатыр дегенді білдірмейді" деді Мансуржон Омаров Sputnik Тәжікстан сайтына.
Оның сөзіне қарағанда пневмониядан қайтыс болған тұтқындарда диабет, жүрек-қантамыр аурулары болған.
"Басым бөлігі 50-ден асқан. Арасында Қылмыстық кодекстің 200-бап - "заңсыз есірткімен айналысу" бабы бойынша айыпталған екі тұтқын барын білемін" деді Омаров.
Бұған дейін №1 түрмеде Абдулфайыз Раджабов есімді 47 жастағы тұтқынның қайтыс болғаны хабарланған еді. Туыстары оның COVID-19 ауруынан қайтыс болғанын айтады. Алайда түрме әкімшілігі мұны жоққа шығарып, тұтқын өліміне пневмония себеп болғанын айтады.
Мансуржон Омаровтың айтуынша, қазір дәрігерлер шамамен 30 тұтқынның жағдайын бақылап отыр. Олардың жағдайы - ауыр.
Тәжікстан билігі бұған дейін ұзақ уақыт елде коронавирус барын мойындамай келген. Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, азаматтық қоғам қысымынан кейін билік елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерін шақыруға мәжбүр болған.
ДДСҰ сарапшыларының Тәжікстанға сапары қарсаңында азаматтық қоғам өкілдері халықаралық ұйым өкілдерін түрмедегі жағдайға назар аударуға шақырған. Белсенділердің пікірінше, тәжік түрмелерінде кейбір тұтқындарды босатып, санитарлық-дезинфекция шараларын күшейтіп, коронавирус қаупін азайтуға болады.