09 мау, 2023 сағат 19:18

«Таза әрі сапалы болса дейміз»: Жақыпов шетелдіктерді кен орындарына инвестиция салуға шақырды


Елордада өтіп жатқан Астана халықаралық форумының бір сессиясы көміртекті бейтараптықтың экономикалық және экологиялық салдарына арналды. Аталған жиында «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов сөз сөйлеп, Қазақстанда бұл тұрғыда қандай мәселелер барын және оларды қалай реттеуге болатынын айтып берді.

Декарбонизация: Самұрық-Қазына қандай мақсат көздеп отыр?

Нұрлан Жақыпов сессияда «Самұрық-Қазына» компаниясы декарбонизация талабын, көмірсутектен бейтараптық бағытында Париж келісімінің негізгі қағидаттарын адал түрде іске асыруға күш салып жатқанын атап өтті. 

«Самұрық-Қазына өз жұмысында да осы мәселеге баса назар аударады. Шын мәнінде, алдағы 2-4 жылда операциялық жұмысқа шамамен 6 ГВт таза энергияны қолданысқа енгізейік деп отырмыз», - дейді ол. 

Жоспар бойынша, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы парниктік шығарындыларды 10 пайызға қысқартады. Самұрық-Қазына басшысы елдегі көмірқышқыл газы эмиссиясының шамамен 15 пайызы компаниялар тобына келетінін айтады. 

«Біз бұл жауапкершілікті толық сезінеміз», –  деді қор басшысы.


Баламалы қуат көздерін дамытудың тың жобалары

Нұрлан Жақыпов келтірген ақпаратқа сәйкес, «Самұрық-Қазына» Қазақстанның оңтүстігінде төрт жел электр станцияларын салады. Станциялардың қуаты 1 ГВт электр энергиясына жетуі мүмкін. Қазір Қазақстандағы барлық жаңартылатын энергетиканың жалпы қуаты (күн, жел, су) – 2,4 ГВт.

Компания басшылығы Masdar компаниясымен Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт ЖЭС салу жөнінде келісімге келген. Дәл осындай жоба Жамбыл облысындағы 1 ГВт жел электр станцияларының құрылысы бойынша China Power International Holding компанияларымен бірлесіп қабылданған. Сонымен қатар, Power China басшылығымен Алматы облысында ЖЭС ауқымын кеңейту жоспарланып отыр.

«Қазақстан көшбасшы бола алады»

Талқылау барысында S&P Global компаниясының вице-президенті Мэтью Джей табиғи байлықтың бірегей базасы барын атап өтті.

«Әлбетте, осының бәрі өңделсе, экономикаға үлкен әсерін тигізеді. Орталық Азия, Қазақстанның табиғи байлығы көп. Жалпы осы аймақтағы елдерде 324 пайдалы қазба кені бар. Алайда тау-кен орындарының 60%, өңделген қазбалардың 80% Қытайда шоғырланған. Тәуекелдерді ескеріп, Қазақстан да өңдеу өнеркәсібін дамытып, Қытайдың монополиясын азайта алады. Сол себепті «үлкен жетіліктің» сирек кездесетін пайдалы қазбалар тұрғысында өзінің ұсыныстары (Қазақстанға) бар. Қазақстан бұл аспектте, әрине, көшбасшы бола алады», – дейді Мэтью Джей.


«Қытаймен бәсекелесу қызық болар еді»

Мэтью Джейдің пікірі жөнінде модератор Далсбек Бенте (дат радиокорпорациясының бұрынғы қызметкері) Нұрлан Жақыповқа сұрақ жолдады. Самұрық-Қазына басшысы расында да Қазақстан минералды ресурстарға бай екенін айтады.

«Біз пайдалы қазбалар өндірісінде стратегияларымызды орындауға әзірміз. Осы ретте мүдделі әрі қаражаты бар азаматтарды бізбен бірге сирек кездесетін пайдалы қазбалар өндірісіне, осы индустрияны дамытуға дайынбыз. Бұл жердегі негізгі бәсекелес – қасымыздағы Қытай болмақ. Нарықта бұл елдің позициясы мықты. Біздің міндет – қайта өңдеуді дамыту. Пайдалы қазбаларды таза әрі сапалы өндірудің маңызы өте зор! Инфрақұрылымдарға, құрылғыларға, адам ресурстарына инвестиция салу керек», – дейді ол.

Нұрлан Жақыпов сөзін «Қытаймен бұл бағытта бәсекелесу шынында қызық болар еді» деп аяқтады.