26 қыр, 2019 сағат 12:33

Таяу Шығыстағы оқиғаға байланысты туындаған мұнай сұранысын Қазақстан өтей алмайды

"Сауд Арабиясындағы оқиғаға байланысты нарықта туындаған мұнай сұранысын Қазақстан өтемейді және өтей алмайды да" деді Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев бейсенбі күні баспасөз жиыны кезінде.

Оның пікірінше, "Қазақстан саудиялық әріптестердің басындағы жағдайды пайдаланады деп айтудың өзі" этикаға қайшы.

"Қазақстан бар-жоғы күніне 1,8 миллион баррель мұнай өндіреді. Қанша тырыссақ та, бәрібір бұл сұранысты өтей алмаймыз. Бұған қоса, біздің ОПЕК-пен жасасқан келісім аясында алған міндеттемелеріміз бар, оны орындаймыз, маусым аяқталғанға дейін (2020 жылдың наурыз айы - Қ.Б) осы көрсеткіштен артық мұнай өндірмейміз" деді Қанат Бозымбаев.

14 қыркүйекте Сауд Арабиясындағы ірі мұнай кеніштеріне дроннан шабуыл жасалған. Осыдан кейін әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі мұнай өндірісін 5,7 миллион баррельге қысқартты. Қыркүйек айының ортасында нарықта мұнай бағасының қымбаттағаны хабарланды.