Таулы Қарабақ аймағындағы әскери қақтығыс басталғаннан кейін Еуропалық одақ шиеленіс шекарасындағы екі жақтың да зардап шеккен тұрғындарына төтенше гуманитарлық көмек көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Брюссельдің қаржыландыруы мыңдаған тұрғынды медициналық қызметпен және құрылғылармен, азық-түлікпен және басқа да жедел көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Таулы Қарабақ аймағындағы әскери қақтығыс бейбіт тұрғындардың өмірін қиып жатыр. Халықаралық гуманитарлық құқықты сақтап, азаматтар мен инфрақұрылымды қорғай алатынымызға кепіл болуымыз керек. Еуроодақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдармен бірге бірлікке шақырады және гуманитарлық көмек көрсетуін тоқтатпайды. Әскери қақтығысты дереу тоқтатуға шақырамыз», - деді ЕО-ның дағдарыс бойынша басқармасының комиссары Янез Ленарчич.
Бастапқы қаржыландыру 500 мың еуроны құрайды. Оны Халықаралық Қызыл крест комитеті сынды ЕО-ның гуманитарлық серіктестері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсайды.
ЕО-ның барлық қаржыландыруы ізгілік, бейтараптық және тәуелсіздік қағидаттарына сәйкес беріледі және халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ агенттіктері мен ҮЕҰ арқылы жіберіледі.