08 жел, 2020 сағат 14:15

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер» марафоны ұйымдастырылады

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафоны ұйымдастырылады. Мұндай ұсынысты Волонтер жылының жабылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ, жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы. 

ҚР Президентінің пайымынша, бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама. 

«Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор. Баршаңызға шынайы алғысымды айтамын! Баршаңызға сәттілік тілеймін! Еліміз әрқашанда аман, жұртымыз тыныш болсын! « деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.