Фото: infohub.kz
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Бүгінгі ақындар Тәуелсіздікті қалай жырлап жүр? Тәуелсіздік деген қастерлі ұғымды кім қалай дәріптеп түр? Осы сұрақтардың жауабын іздеп, Ult.kz тілшісі қазіргі ақындардың өледеріне шолу жасап көрді. Сонымен, Топ-7 өлеңді ұсынамыз.
Тәуелсіздік туралы жыр дегенде алдымен ойға Мұхтар Шахановтың өлеңі оралатыны сөзсіз. Естеріңізде ме, барлық бала мектепте «Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер» деп жаттап өстік. Иә, Шаханов Тәуелсіздікті көп жырлаған, алайда «Желтоқсан алаңы» деген өлеңі 1986 жылғы алаңдағы оқиғаны өлеңмен өріп, көз алдыңа алып келеді. Әсіресе, «Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер» деген жолдары жүректі дір еткізіп, денені тітіркендіреді. Сонымен, аталған өлеңді тағы бір толық оқып көрелік:
Желтоқсан алаңы
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.
Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға алакөк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.
Жоқ!!
Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылған тары боп.
Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сені бақыт, не сор іздеп табады.
..Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас.
Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.
Мұхтар Шаханов
Ал ақын Ақберен Елгезектің «Заңдылық» атты өлеңі керісінше, бүгінгі тәуелсіз елдің баянын, заңдылықтарын суреттейді. Оның «Тұлпар мінез, сұңқар болмыс, Алаштың, Пырақтарын пір тұтуы заңдылық!» деген жолдары қазақ халқының асау мінезін, ешкімге бағынбайтын болмысын дәл суреттегендей. Тәуелсіз елдің тәуелсіз азаматтарына не заңдылық екенін оқып көрейік:
Заңдылық
Бар әлемге сәуле шашса ғажап Күн,
Жаңа тыныс алып келер таң күліп.
Олай болса, алтын жүрек Қазақтың,
Таңбасынан Күн шығуы заңдылық!
Жарып шығып тас түнегін азаптың,
Шаңырақтан нұр сауласа, таң болып.
Әз-дүниеге ғашық болған Қазақтың,
Киіз үйді сүюі де заңдылық!
Арасынан соғыс пенен таластың,
Жеңімпаз боп шығатұғын паң болып.
Тұлпар мінез, сұңқар болмыс, Алаштың,
Пырақтарын пір тұтуы заңдылық!
Ой найзасын жарқылдатса жасын қып,
Бір түйір сөз жарқырайтын шам болып.
Үйлесімді табиғатқа ғашық ұлт,
Гүлді өрнекті сүюі де заңдылық!
Киесіндей бақыт пенен азаттың,
Төбесінде жайнап тұрса сам тұнып.
Тәңірісін сүйетұғын қазақтың,
Зеңгір көкті сүюі де заңдылық!
Күнді күткен мекен етіп таң астын,
Көкейінде «дербес!» сөзі жаңғырып.
Періштеге ғашық болған Алаштың,
Қыран құсты сүюі де заңдылық!
Шаһарларын абат қылып, жасыл қып,
Келешекке көш түзеген мәңгілік.
Көктегенді көксеп жүрген асыл ұлт,
Аспан түсін таңдағаны заңдылық!
Құрсауында мың бұлқынып тозақтың,
Бас алаңды желтоқсанда қан қылып.
Жамандыққа жаны бөтен қазақтың,
Аман қалып, өсуі де заңдылық!
Алты құрлық, сан көршіммен жарастым,
Бәрі маған бас шайқайды таң қалып.
Жеңімпаздық тарихы да Алаштың,
Қайталанып келуі де заңдылық!
Ақберен Елгезек
Бүгінгің лирик ақыны атанып кеткен Ерлан Жүніс еліміз Тәуелсіздік алған кезде 6 жаста болғанын, бала болса да көкейіне көп нәрсені түйгенін бір ғана өлеңмен көрсете алады. Оның «Менің атым – Тәуелсіздік» деген жырын оқысаңыз, баяндалған оқиғаның бәріне еріксіз бас иесіз.
Менің атым – Тәуелсіздік
...Алып қорғанның құлағанын көрдім,
Небары алты жасымда,
Алып тұлғалар жылағанын көрдім,
Бастарын сүйеп ғасырға.
Алып таулардың шайқалғанын көрдім,
Алты жасымда соны ұқтым:
Алып сөздерді айта алғанын көрдім,
Ат төбеліндей халықтың.
Алып кітаптар торыққанын көрдім,
Сол сәтте-ақ одан безінгем,
Алып ойлардың қорыққанын көрдім,
Ең бір нәзік сезімнен.
Алып сағаттар тоқтағанын көрдім,
Өлшенді уақыт жаңадан,
Алып жүректер ақталарын көрдім,
Алты-ақ жасар баладан.
Алып құрлықтар теңселгенін көрдім,
Темір бұғаулар тозғасын,
Алып заңдардың кемсеңдеуін көрдім –
Империяның көз жасын!
Алып мұхиттар толқығанын көрдім,
Бір тамшы суға байланып,
Алып тәждердің балқығанын көрдім,
Елтаңбаларға айналып.
Алып мүсіндер қирағанын көрдім,
Сұлаған жаудай жебеден,
Алып саналар жиналарын көрдім,
Тұрғызу үшін жаңа әлем!
Құрыштардың да шірігенін көрдім,
Сен боса, болат, тас егіл!
Темір шымылдық түрілерін көрдім,
Сахнаға шықты жас өмір!
Алты жасымда!
Жылаған жоқпын, сұраған жоқпын анамнан,
Сол күні жаңа әнұран айтып оралған,
Сол түні неге ұйықтамай маған бір аңыз айтып шыққанын
Ұл жайлы Күннен жаралған.
Түсінбесем де тыңдаймын,
Онсыз да оны жесірлік салған жасытқан еді мұң-қайғы...
Көзінің жасы сөйлеген түнді ұқпасам да,
Аңыз ұнаған Жаралған Күннен Ұл жайлы!
Деген де шығар «бодандық жайлы білмесін»:
Сен түсін, дәуір, сонау бір қанды жыл кешір!
Тарихтан дәріс оқитын менің анашым орта мектепте
Ұлына бірақ айтпапты кісен, құлдық пен түрме бүргесін.
Ерлікті айтқан, үйретпеді ол ездікті,
Ұстатқан қалам, ұстатпады ол кездікті,
«Құлыным, сенің тарихың басқа» деген тек,
Ол, бəлкім, менен Сөз күтті!
Ал бүгін, енді,
Тарихты өзім білемін,
Жолдарды сезем жонарқамменен мыңжылдар өткен ұлы елім.
Ұлылық жайлы ойлайды басқа,
Жап-жас шақ
Ұлы қорғандардың күйреуін көрген жүрегім –
Алты-ақ жасында ақырын көрген алыптың! ...
Тәуелсіздік ше?
Ол – менің тегім, ұлдарыма оны дарыттым.
Тәуелсіздік – мен, ол – менің асқақ аңызым,
Болмысы ол ұлдың өзіңнен туған, Жарық Күн!!!
Ерлан Жүніс
«Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!». Бұл Тәуелсіздікке қатысты айтылған ең бір ауыр, ең бір шындық, ең бір нәзік жолдары екенін рас. Дәл бұлай тек Қалқаман Сарин ғана жырлай алса керек. Ақын «Тәуелсіздік» атты өлеңінде оның қүны ештеңемен өлшенбейтінін дәлелдейді.
Тәуелсіздік
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым!
Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Қалқаман Сарин
Ал ақын Әлібек Шегебай Қайрат Рысқұлов болып жырлайды. Оның «Қабірден хат» атты өлеңі қайраттың ішкі монологын суреттеп, батырдың сол кездегі кешкен күйін жырға қосқан екен. Өлеңнің бір жолында «Желтоқсанда еріп кеткен ақ қармын» деп батырдың қысқа ғұмырын бір-ақ жолға сыйдыра алыпты.
Қабірден хат
(Қайрат Рысқұлбековтың монологы)
Армансызбын,
Ажалсызбын,
Азатпын,
Мендегі мұң ғажап әрі азап мұң.
Ұлтым үшін ұлтарақпын,
Аз десең,
Сүйегіммен, сүтіммен де Қазақпын!
Көкбөрінің сіңіріндей сірімін,
Сол үшін де ажалсызбын, тірімін.
Шындық үшін құрбандыққа шалынып
Шырылдаған құлындардың бірімін.
Талай-талай тоналдым да тапталдым,
Өзімді-өзім жоғалтуға шақ қалдым.
Көк көйлекті көктемде туылып
Желтоқсанда еріп кеткен ақ қармын.
Күңіренсе үн шығады көрден де,
Шертілмеген шерім қанша шерменде.
Өз тіліңде өмір сүріп,
Сонан соң,
Не жетеді өз тіліңде өлгенге.
Мен сұрасам – теңдігімді сұрадым,
Теңдігімнің кемдігіне жыладым.
Ай күзетіп Ару сүйер жасымда
Мен ажалдың құшағына құладым.
Кек алатын кәріден де, жастан да,
Қу тіршілік құпиясын ашқан ба?!
Бауыр қалды өзегіне өртеніп
Ана қалды сүтін сауып аспанға.
Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт,
Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.
Бөрі мінез Бабалардың арманы –
Айналайын, алтын қанат – Азаттық!
Саған құрбан жастығым да, жаным да,
Саған құрбан атпай қалған таңым да.
Тереңдігі қабірден де тереңдеу
Менің қайғым – Қазағымның қанында!
Әлібек Шегебай
Тәуелсіз елдің тағы бір ақыны Алмат Исәділ «Қазақстаным» атты өлеңінде талай арыстан азаматтар елдің болашағы үшін басын бәйгеге тіккенін айтады. Қазақстың басынан небір нәрселер өткенін суреттей келе, Тәуелсіз елдің бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын жырға қосқан.
Қазақстаным!
Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан Арыстарым –
Қазақстаным!
Төндіріп тағы басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың –
Қазақстаным!
Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың –
Қазақстаным!
Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым...
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын –
Қазақстаным!
Алмат Исәділ
Ақын Бауыржан Қарағызұлы саясаттың зардабы тиген сол замандарды «соқыр заман мен ақыр заманға» теңейді. Оның «Қазақ» деген өлеңі жүрегі елім деп соққан әрбір азаматты бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. «Адыра қалғыр арам пыйғылға ақ жебе болып атылдым!» деген бір ғана жолдың өзі ақынның өткенге деген өкінішін көрсетеді екен.
Қазақ
Алпыс екі тамырымда ой балқып,
Өлең аңқып өзегім.
Кешегімнің күлгін сәулелі іздерін,
Бүгінгімнің күрсінісінен іздедім.
Көкірегімде ақ раушан бүр жарып,
Бір Аллаға жүгіндім.
Сайтан билеген санаға іштей дұға оқып,
Күнәлі ісіне үгілдім.
Тұманнан тұнған тамшыдай мөлдір болса да,
Кірпікке ауыр мұң ілдім.
Кеше…
Кеудемде Күн тұтылып,
Жанарымда Ай қорғалап.
Көмейімде үнім тұншығып,
Самайымнан сорым сорғалап,
Таңдайымда Тілім бұралып,
Жылт-жылт еткен жылтыр сөзбен мақталып,
Өзімнен шыққан сасықтың сыбырымен сотталып,
Арсыз саясат арлы жанымды шайнаған!
Әдет-ғұрпым әміріне тапталып,
Аңғалдығымды айласына байлаған,
Түйсігімді түрмесіне қамаған!
Күліп тұрып, күңірентіп,
Қасиетімді қанаған –
Ей, тәубәсіз тоталитарлық тор қоғам,
Имансыз идеологияңа түкірдім,
Ибалы жұртты арбаған!
Қызғаныштың жирен демінен жаралып,
Менің Ұлттық Ар-Намысымды қорлаған,
Сенің сайқал саясатыңның шатасы ––
Қызыл жағалы итақайын айтақтап,
Обалымның бет ауызын қанатқан,
Боздақтарымды талатқан.
Көз алдымда көзін уқалап жетім мұң,
Өткенімде өшім кетіп, Өкіндім!
…Бақ тілеп мына нұрлы да нұрлы ғаламға,
Баталы байтақ даламда,
Құдаймен ғана дос болып,
Сабырым тұнған санамда –
Мен – Қазақ деген ақынмын!
Сегіз қырлы өткір сөзіммен
Адырнасын тартып ақылдың,
Адыра қалғыр арам пыйғылға ақ жебе болып атылдым!
…Азаттық!!! деп аппақ тілекпен,
Ұлы далалық жүрекпен,
Абақтыдан айқайлаған арыммен;
желтоқсанның қар-мұзындай ызғарлы –
қан сасыған сан ғасырдың табымен;
көкшіл түнде көкке ұмсынған Тәңірлі –
Көк бөрінің зарымен;
жан дүниемнің жасын жаңбырын селдетіп…
Соқыр заман мен Ақырзаманның арасын,
Өлеңімнің музыкасымен тербетіп,
Жалап жазып, жүрегімнің жарасын,
Елім деген есті үмітке елжіреп,
Көк байрағым желге қарсы желбіреп!
Ауызымда аласұрып қызыл тіл,
Тәуелсіздігіме сүйініп,
Таңдайыммен табынып,
Маңдайыммен иіліп,
Қан майданда қаным сіңген топырағымда тебіреніп,
Уай, Әділет!
Алдыңда Теңіздей толқып сөйледім!!!
Бауыржан Қарағызұлы
Әзірлеген
Ақбота Мұсабекқызы