Астаналық меценат, дизайнер Мансура Жәкен бизнесмендерді Тәуелсіздік 30 жылдығы қарсаңында қайырымды істерге көбірек атсалысуға үндеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтан қаласында меценат деген атқа сай тұрғындар көп екеніне сенімдімін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қайырымды істер марафоны» және «30 қайырымды іс» атты акциялар өтіп жатқанын білесіздер. Мен де сол акцияларға қатысып жүрмін. Сыйлықтың ең жақсысы өз қолыңмен істеген» дегендей, Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрына өз қолымнан шыққан кескіндемелік пано сыйлаған болатынмын. Бұл мозаикада қазақ жігіттерінің өр рухы әспеттелген. Нарықтағы құны – 35 млн теңге», - деді меценат қалалық әкімдік өткізген онлайн брифингіде.
Дизайнер жақын адамға жәрдемдесу қазақ халқының қанында бар қасиет екенін айтып, әріптестерін, күн сайын игі істерге мұрындық болуға шақырды.
«Қайырымды істер марафоны» аясында әлеуметтік жобалармен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға өзім кескіндеген 7 есікті сыйға тараттым. Олардың жалпы құны – 4 млн теңге. Сонымен бірге мен автоволонтер ретінде де «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмыстарына атсалысамын. Пандемия кезінде мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар жеткізіп бердік. Барша отандастарымызды, бизнесмен әріптестерімді қайырымды істер акция аясында ғана емес, күн сайын жасауға үндегім келеді. Жақынға жәрлемдесу – біздің қанымызда бар қасиет. Сондықтан өзіміздің кім екенімізді ұмытпай, айналамызға көмектесе жүрейік», - деді Мансура Жәкен.