Қаңтар оқиғасында нақты мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылыс болды деп айтуға болады. Оған қару-жарақ дүкендерінің тоналуы, елде хаос тудыруды әдейі көздеген «топтардың» полиция ғимараттарына, қалалық әкімшіліктерге, әуежайға, телеарналардың ғимаратына шабуыл жасауы нақты дәлел бола алады. Мемлекет пен қоғамға қарсы ұйымдасқан топ болмаса, бейбіт шеруге шыққан жандарға мұндай қанқұйлы әрекеттің ешқандай қажеті жоқ екені айдан анық.
«Қаңтар оқиғасында» террористік іс деп көп адамды соттап жіберді. Олардың ішінде салафиттер де бар. Соның арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетімен жұмыс істемеген салафиттерді соттады. Ал олармен жұмыс істескендерді қатарына қосты.
Ал сол төңкеріс жасауға барын салып, қаралы қаңтарға айналдырған жандардың әрекетінен жазықсыз жандар, полиция қызметкерлері, бейбіт шеруге шыққандар қаза болды. Егер мемлекеттік төңкеріске ұмтылыс жасағандардың қанды ойраны болмағанда, жазықсыз жандар құрбан болмас еді.
Рас, жұрттың билікке наразылығы болды, сол үшін де халық бейбіт шеруге шықты. Арты келеңсіздікке ұласып, адам шығынына ұшырады. Мемлекетте төңкеріс болды. Елімізден, өз тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Билікті басып, мемлекетті төңкеруге сәл қалдық.
«Қаңтардағы оқиғаның» куәгері ретінде айтарым, жұрттың үрейі ұшып, халықтың бойын қорқыныш билеген уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев қашып кеткен жоқ. Мойнына ілінген міндетті жауапкершілігіне алды.
Сол кезде ақпараттық қана емес, технологиялық соғыс та жүрді. Оның үстіне ақпарат құралдары жекешелендірілген, олар солардың сойылын соқты. Енді бой көтере бастағанымыз сол еді, ақпарат соғысы әлі жалғасуда. Сондықтан бәріміз бірігуіміз керек. Сонда ғана елімізді, халқымызды сақтай аламыз.
Айман Омарова,
«Халық үні» жобасының авторы, заңгер