02 қар, 2016 сағат 17:30

Тасмағамбетов жоғары оқу орындарының ректоры лауазымына үміткерлерді анықтау бойынша кеңес отырысына қатысты

Бүгін Қазақстан вице-премьері Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен жоғары оқу орындарының ректоры лауазымына үміткерлерді анықтау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Еске сала кетсек, жаңа талаптарға сәйкес ректорлардың тағайындалуы ашық конкурс негізінде жүргізіледі. Республикалық комиссия қарауына жоғарғы оқу орнының бақылаушы кеңесі үштен кем емес кандидатты ұсынады. Комиссия қатысушылардың оқу орнын дамыту бағдарламасын тыңдап, сұқбат жүргізеді. Соның нәтижесінде ЖОО-ның ректоры лауазымына кандидатты анықтайды.

Комиссияның қарауына 21 үміткердің құжаттары келіп түсті. Атап айтқанда, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен – 5 адам, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінен – 5, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтынан – 6 және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтынан – 5 үміткер ұсынылды.

Ағымдағы айдың қазан айында ЖОО-ның бақылаушы кеңестерінің отырыстары өткізілді, онда үміткерлер ұсынған оқу орнын дамыту бағдарламалары қаралды. Оның қорытындысында ЖЖО-ның бақылаушы кеңестері құпия дауыс беру арқылы Республикалық комиссия қарауына ұсыну үшін кандидаттарды анықтады. Айта кетейік, ЖОО-ның ректорлары дауыс беруге қатысқан жоқ.

Бақылаушы кеңестердің хаттамалық шешімдері барлық құжаттарымен бірге Республикалық комиссияға ұсынылды. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен ұсынылған 5 адамның ішінен 2 үміткер, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінен ұсынылған 5 адамның ішінен 2 үміткер, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтынан 6 адамның 3-уі, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының 5 үміткері ішінен 1 кандидаттың құжаты ұсынылды.

«Сіздер оқу орнының педагогикалық бағытын сақтап қалудың маңызын ескерулеріңіз қажет. Егер де сіздер заң және экономика сияқты жаңа танымал мамандықтарды енгізуге ұмтылатын болсаңыздар, өздеріңіз басшылық етіп отырған оқу ордасының негізгі орнын жоғалтып аласыздар. Өйткені, кез-келген кәсіптің негізі ұстаз саналады» - деді ЖОО-ның даму бағдарламасын талқылау барысында сөз алған Иманғали Тасмағамбетов.

Бұл жаңашылдық қазақстандық жоғарғы оқу орындарының басқару құрамын сапалы толтыру және басқару дербестігін ұлғайту, сондай-ақ, қоғам алдындағы есептілікті күшейту қажеттігінен туындап отыр.

Бұған дейін мемлекеттік жоғарғы оқу орындарының ректорлары ҚР Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалып келді. Сондықтан, ректорлар корпусының біраз бөлігі аталған лауазымда 3 жыл сайын 2 мерзімнен аса уақыт иеленіп келді. Нәтижесінде бүгінгі таңда ректорлардың 40 пайызы зейнет жасында немесе зейнетке дейінгі жаста, бұл өз кезегінде басқару ұтқырлығын төмендетеді.

ЖОО-ның даму бағдарламасын талқылау және сұқбат қорытындысы бойынша Республикалық конкурстық комиссия бос лауазымдарға ұсынылған үміткерлерді қарап, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры лауазымына тағайындауға Талтенов Абзал Ахатұлын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры лауазымына Әбіл Еркін Аманжолұлын ұсынды.

Сонымен қатар, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры лауазымдарына кандидаттар анықталған жоқ. Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрлігіне конкурсты жарамсыз деп тану және оны қайта өткізу тапсырылды.