15 қар, 2019 сағат 15:25

Тасмағамбетов: Ораз-Мұхаммед сұлтанның жат елде патшалық құруы – аңызға бергісіз ақиқат

РФ-да Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың негізін қалаушы Ораз-Мұхаммед Онданұлының тұлғасы мен қызметі туралы халықаралық конференция өтті. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазіргі тарихтағы Ораз-Мұхаммед Онданұлының рөлі» атты ғылыми конференцияға Қазақстан мен Ресейдің тарихшы ғалымдары, университет профессорлары қатысты.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов XVII ғасырдың басында Ораз-Мұхаммед Онданұлы қазақ мемлекеті мен Мәскеу мемлекеті арасында дипломатиялық негіз қалауға ат салысып, айрықша мирас қалдырғанын атап өтті. Ол қазақ халқымен Ораз-Мұхаммед сұлтанды араға үш жарым ғасыр салып қайта қауыштырған жазушы Мұхтар Мағауинның «Аласапыран» романы екенін еске салды.

Сондай-ақ, Иманғали Тасмағамбетов «барша Алаш жұрты үшін байрақты бабамыздың жат елде жарты патшалық құруы аңызға бергісіз ақиқат екенін айтып өтті.

«Ал оның ел мен елді табыстырған қызметі – мәртебелі абырой. Өйткені Ораз-Мұхаммед орыс жеріне жеке дара келген жоқ. Ол бүкіл ел аманатын, ұлы даланың дос пейілі мен бейбіт ықыласын ала келді. Содан болар табиғи тәкаппарлығы мен батылдығының, зеректігі мен әділдігінің арқасында үлкен беделге ие болды. Осы елдің тағдыршешті сын сағатына араласты. Атқа қонып, еңселі ертеңі үшін күресті. Адамдар тарихи процестердің логикасын ұғынуға тырысып қана қоймайды, сонымен қатар процестің инерциясына әсер етіп, оқиғалардың барысына бетбұрыс жасаған қаһарман тұлғалар туралы ақиқатты да білгісі келеді. Ұлы Далада ғана емес, жат жұртта, орыс жерінде даңқты істерімен танымал болған Сұлтан Ораз-Мұхаммедті осындай тұлғалардың шоғырына жатқызуға болады», - деді елші өз сөзінде.

Еске сала кетсек, бүгін Ресейдің Рязан облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалды тақта орнатылды. Мемориалдық тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылған. Ескерткіштің биіктігі үш метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға «Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші» деп жазылған.

Ескерткіштің ашылуына орай салтанатты шара Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Ауған-Мұхаммед сұлтанның кесенесіне жақын жердегі Ескі татар зиратында өтті.