Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен 2017-2020 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары жөнінде кеңес өтті.
Бүгінгі таңда барлық мемлекеттер адамзат қызметінің стратегиялық маңызды саласы ретінде ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ол елдің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық өсімін қамтамасыз ететін негізгі ресурс саналады.
Елдің ғылыми әлеуетін көтеру көптеген факторларға байланысты, оның ішінде ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру да бар. Бұл үрдісті реттейтін құжаттардың бірі - «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Оның аясында үдемелі және коммерциялық тиімді жобалар жүзеге асырылуда.
«Біз қанша жобаны жүзеге асырамыз, нені қаржыландырамыз, ол қанша уақытқа созылады. Мұның барлығын нақты әрі анық түсінуіміз қажет. Ең бастысы, одан қандай қайтарым болатынын білуіміз тиіс», - деді кеңесте Иманғали Тасмағамбетов.
Қаржыландыру көлемі, зерттеудің нәтижелілігі және оны іске асыру қаржыландыру механизмі мен бақылауға тәуелді. Сонымен қатар, ғалым бір мезетте ғылыммен және оның нәтижелерін өнідірске енгізумен сәтті айналыса алмайды. Бұл үшін құзырлы құрылымдар мен мамандар тартылуы керек. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізуді сынау үшін өндірістік-тәжірибелік база құруды қарастыру маңызды.
«Соңғы 20 жылда әлемде біздің технологияларды коммерциялауға жеке инвесторлар 370 миллион доллар қаржы салды. Қазіргі уақытта қазақстандық технология бойынша завод құрылысын салуға 3,5 млрд доллар бөлінді. Жыл сайын 4 миллиард долларды құрайтын таза металл шығарылады. Оның үштен бір бөлігі Қазақстанда, қалғаны шетелде өндіріледі», - деп атап өтті «Қазақстан Республикасының минералды шикізатты кешенді ұқсату жөніндегі ұлттық орталығы» РМК бас директоры Әбдірасыл Жарменов.
Қазақстанның ғалымдары мен ғылыми мекемелерінің ғылым индустриясының негізі болудағы әлеуетке жоғары. Бұл үшін ғылым мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнатылып, экономиканың нақты секторы ғылыми міндеттерді айқындап отыруы тиіс.