10 мам, 2018 сағат 07:34

Тасмағамбетов: Ел үшін туып, жер үшін мерт болған бабаларымыздың рухы желеп-жебеп жүрсін

Ресейдің Ржев қаласында Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасына арналған мемориалдық кешен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша күрделі жөндеуден соң қайта ашылды. Жөндеу жұмыстары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің ұйытқы болуымен және Ақтөбе облысының қаржылай қолдауымен жүргізілді.

Ржев қаласындағы 100-ші және 101-ші жекелеген атқыштар бригадасына арналған мемориалды тақтаның жалпы ұзындығы 27 метрді құрайды. Оның орта тұсына қазақ жерінен әкелінген топырақ қойылған. Ал, сәл әрірек жүретін болсақ, қабырғада Қазақстанның картасы бейнеленіп, ол жерде осы атқыштар бригадасы жасақталған Ақтөбе және Алматы қалалары мен елордамыз Астана қаласы көрсетілген.   Бұл мемориал алғаш рет 2010  жылы салынған. Ал, қазір толықтай жаңарып, қайтадан ашылды. Жөндеу жұмыстарын қолға алған Ақтөбе облысының кәсіпкерлері кешенді бастан-аяқ жаңғыртты.


"Бүгін баршамыз Жеңіс күні қарсаңында қасиетті Ржев жерінде ерекше шара кезінде бас қосып отырмыз. Ел үшін туып, жер үшін мерт болған аталарымыз бен апаларымыздың рухы ұрпақтарын әрқашан желеп-жебеп жүрсін", - деді ҚР-ның РФ-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов.

Салтанатты шараға қазақ дипломаттары мен диаспора өкілдері, жергілікті ардагерлер мен жастар және Ақтөбе облысынан арнайы келген үлкен делегация өкілдері қатысты.

"Мұның қазіргі ұрпақтарға ғана емес, келешек ұрпаққа да үлкен маңызы болады", деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

"Біз үшін бұл шараның маңызы өте зор. Сондықтан, Қазақстанның Ресейдегі Елшісіне, Ақтөбе облысының әкіміне зор алғыс айтамын. Бұл ескерткіш қиын-қыстау күнде бірге болған ұлттар арасындағы достықтың символы. Соның арқасында қазір біз бейбіт өмір кешіп жатырмыз. Қазір Қазақстан мен Ресей экономикасы қарқынды дамып жатқан тұрақты мемлекеттер", - деді  Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя.

Мемориалды кешен аумағында, Ржев майданында қаза тапқан 10 мың сарбаздың аттары тасқа қашап жазылған. Ақтөбелік Аслан Балқасымов бүгін олардың арасынан өз атасының есімін көріп ерекше қуанды. 


Ржев шайқасының Мәскеуді қорғауда шешуші рөл атқарғаны белгілі. Ал, осы әйгілі «Марс» операциясы кезінде қазақ сарбаздары ерекше ерлік көрсетіп, жауды бетін қайтаруға сүбелі үлес қосты. Мына тұрған ескерткіш кешені кешегі сол ерлікке, бүгінгі елдікке арналған тағзым.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ, kaztrk.kz