10 мам, 2024 сағат 13:45

Тасқын судан зардап шеккен аймақтарда азық-түлік бағасы өсті ме — министр жауабы

Фото: gov.kz

Бүгін Үкіметте өткен брифингте журналистер Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде көкөніс қоймаларындағы өнімдер шіріп кететіні рас па екенін сұрады, сондай-ақ азық-түлік бағасы да сөз болды, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"Қазақстанның су басқан өңірлерінде көкөніс қоймалары шіріп жатыр деген ақпарат бар. Сіз бұл ақпаратты растайсыз ба?" - деген тілшіге министр Айдарбек Сапаров мұндай ақпарат жоқ екенін айтты.


"Біз күнделікті қысқаша мәлімет жинаймыз. Біздегі ақпарат бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне жалпы көкөніс қоймалары бойынша деректер әлі түскен жоқ. Бұл ретте, егер бүгін-ертең қосымша ақпарат келіп түссе, қанша, қалай, неге екенін біз сіздерге айтамыз", - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.


Журналистер сонымен қатар тасқын судан зардап шеккен аймақтарда азық-түлік бағасы өсті ме, жоқ па, соны нақтылағылары келіп еді, министр былай деп жауап берді:


"Орташа баға 0,3-0,5 пайызға өсті. Азық-түлік құнына су тасқыны әсер еткен жоқ деп айтуға болады", - деп жауап берді министр.


Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігінде су тасқынына байланысты астық пен көкөніс және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдеріне зақым келуі мүмкін екенін айтқан болатын.