Өзбекстанда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Абай және Орта Азия әдебиеті атты зерттеу еңбегі жарық көрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өзбекстанның Тұран ғылымдар академиясының және Қазақстанның Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, профессор Қалдыбек Сейдановтың «Абай және Орта Азия әдебиеті» атты ғылыми зерттеу еңбегінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы шығармашылығының туысқан халықтар әдебиетіне ықпалы, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, қырғыз халықтарының бас ақындарымен әдеби байланысы зерттеледі.
Атап айтқанда, монографияда Науаи, Бабыр секілді түркі шайырларының Абайға ықпалы, Абайдың кеңес дәуіріндегі туысқан халықтар ақындарына ықпалы сөз болады.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай жарық көрген кітап Өзбекстан Жазушылар одағы «Ижод» қоры есебінен Ташкенттің «Adabiyot» баспасында басып шығарылды.