02 қаз, 2020 сағат 08:45

Ташкентте «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік орталығы ашылды

Ташкент қаласында «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

1 қазан күні «Отандастар қоры» КеАҚ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, ҚР Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен онлайн-форматта Ташкент қаласында (Өзбекстан) «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуын өткізді. 

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет Департаментінің кеңесшісі Бауыржан Тоққұлов, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің кеңесшісі Руслан Дүйсенов, сондай-ақ Өзбекстандағы қазақ қауымының өкілдері және т. б. қатысты.

Іс-шара аясында «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйінің тұсаукесері өтті, сондай-ақ Өзбекстандағы қазақ қоғамдастығының мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

«Отандастар қоры» КеАҚ шетелде «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйлерінің желісін ашу жұмысын жалғастыруда. Өткен аптада Омбы қаласында (РФ) «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйінің ашылуы ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін Бішкек қаласында (Қырғызстан), Берлин қаласында (Германия), Ыстамбұл қаласында (Түркия) тағы 3 «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйінің ашылуы жоспарланып отыр.