21 ақп, 2022 сағат 16:25

Тәртіпсіздік кезінде қанша полицей мен әскерилердің ауыр жарақат алғаны айтылды


ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қанша полицей ауыр жарақат алғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұрын хабарланғандай, шабуылдаушылар тарапынан қылмыстық әрекеттердің жолын кесу, әкімшіліктер мен полиция ғимараттарына шабуылдарды тойтару барысында 3 мыңнан астам құқық қорғау органы қызметкері мен әскерилер түрлі дене жарақаттарын алды. Олардың 107-сі ауыр жарақат алды. Оның ішінде бас сүйегінің сынуы, пышақ жарақаттары, күйікке шалдығу және өзге ауыр зардаптармен емделіп жатыр», - деді С. Әділов. 

Оның айтуынша, биығы 5 қаңтарда Атырауда тәртіпсіздіктер кезінде облыстық әкімшілік ғимаратына шабуыл барысында қоғамдық тәртіпті күзетуге тартылған қарусыз полиция қызметкерін қатыгездікпен ұрып-соққан жергілікті тұрғын ұсталды. 

«Видеодан көрінгендей, ашулы тобыр полиция қызметкерін қоршап алып, соққыға жыққан. Осының салдарынан ол құлаған кезде, күдікті адам оның басына соққылар жасаған. Күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға алынды», - деді С. Әділов.