Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық жылнамасынан атқарған ісімен де, азаматтық белсенділігімен де ойып тұрып орын алатын айтулы тұлғалардың бірі де бірегейі, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, академик, марқұм Манаш Қозыбаев екендігі анық. Егемендіктің алғашқы сәтінен біртуар ғалым Елбасының сенімді серіктерінің бірі ретінде тәуелсіздігіміздің нығаюы мен мемлекетіміздің қалыптасуына орасан зор еңбек сіңірді. Атақты ғалымның 85 жылдық мерейтойы биыл ерекше аталып өтілуде. Тарлан тарихшының талай қолтаңбасы басылған ел газеті «Егемен Қазақстан» осы мерейтойға байланысты ғалымның есімі берілген Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаевтың мақаласын жариялауды жөн көрді.
«Ерім деп еміренетін ел болмаса, елім деп езілетін ер қайдан болсын» деген сөздің астарынан ұлт үшін басын бәйгеге тіккен тұлғалардың ерекше болмысы жайлы танымды аңғару қиын емес. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан жылнамасынан атқарған ісімен де, азаматтық белсенділігімен де ойып тұрып орын алатын мақтаныштарымыз еске түсетіні заңды. Мұндай біртуар тұлғалар егемендігіміздің елең-алаң шағында Елбасымыздың сенімді, сыралғы серіктері ретінде мемлекетіміздің қалыптасуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Солардың бірі Мемлекеттік сыйлықтың және Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және келісім сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев десек, қателесе қоймаспыз. Биыл 85 жылдық мерейтойы оның есімі берілген Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде халықаралық конференция аясында атап өтіледі. Тарихшы ғалымдарымыз Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымымен бірлесіп «Ұлттық тарих тамыршысы» атты ғылыми жинақ әзірлеп шығарды. Оған ғұлама ғалымның бұған дейін жарияланбаған мақалаларымен қоса «Қозыбаев оқулары» дәстүрлі іс-шараларының тарихи шежіресі топтастырылған. Елі- міз өз жолын таңдап, даму жолына түскен кезде Манаш ағамыз Президенттің тікелей тапсырмаларын жан-тәнімен орындап, жас мемлекетіміздің орнығуына белсене араласты. Білікті тарихшы ретінде жаңа өмірдегі тарихи шындыққа негізделген ресми құжаттарды дайындауға, кеңес кезеңінде бүркемеленген ақтаңдақтарды ашуға, тамыры терең ұлттық тарихты қайта жаңғыртуға қалтқысыз қызмет етті. Ел тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғаның есімін ұлықтау мақсатымен 2003 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне есімі беріліп, ескерткіш мүсін орнатылды, мұражай ашылды.
Университет қабырғасында білікті академиктің құрметіне ғалымдардың бас қосуы, Отан тарихының іргелі мəселелері бойынша жинақталған ой-тұжырымдардың, теориялық-əдістемелік негіздердің талқылануы дәстүрге айналған. Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихында талай оқиғаларды басынан кешірді. Қасым, Хақназар, Тəуке, Абылай хандар билік құрған қазақ халқы жоңғарлармен арпалысты. «Бөліп ал да, билей бер» саясатын жүргізген патша үкіметінің отарлау езгісіне қарсы тұрды. Әпербақан кеңестік зұлмат пен қасіретті айналып өте алмады. Ғасырлар бойы шеккен қайғы-қасіретіміз тоталитарлық сыңаржақ саясатқа негізделіп, тарихымыз аяусыз бұрмаланды. Оны қайта қарау, ғылыми негізделген теориялық-əдіснамалық тұрғыдан зерделеу мəселесі тек тəуелсіздіктен кейін ғана қолға алынды. Қатаң қалыптасқан сананы бірден өзгерту оңай емес. Дегенмен, өтпелі кезеңде Отан тарихын зерделеу бағытында салиқалы бетбұрыстардың жасалуы М.Қозыбаевтың есімімен тығыз байланысты. Ғалымның шығармашылығын саралап қарасақ, дəуір ерекшеліктері оның еңбектерінен айқын сезіледі. Өткір ой-тұжырымдар айта білуімен дараланады. Оның З.Голиковамен бірлесіп жазған «Золотой фонд партии (из опыта кадровой политики КПСС)» монографиясы кезінде солақай сынға ұшырады. Еңбекте басшы партия кадрларын тәрбиелеу, орналастыру мәселелері бойынша айтылған кемшіліктерді тілге тиек еткен бәзбіреулер жоғары орындарға арыздар жолдады. Монография Қазақстан Компартиясының ХIV съезінде сынға ұшырап, ғалымның басына ауыр күндер туды. «Студент болып жүрген кезімде біздің ұстазымыз, профессор Ермұқан Бекмаханов Кенесары қозғалысы концепциясы үшін жер аударылды. 1972 жылы З. Голикова деген кісімен бірігіп монография шығардым. Бірақ сол кітаптағы кейбір еркін ойларым үшін қуғынға түстім. Он жеті жыл еңбегім зая кетіп, Қазақстан КОКП жанындағы партия институтындағы қызметімнен кетуге мәжбүр болдым», дейді естеліктерінің бірінде ағамыз.
Ол өзінің саналы ғұмырының 40 жылын ғылым жолына арнады, тарих ғылымын дамытуға зор еңбек сіңірді. Бастапқыда ғылымдағы ізденістерін өлкетану, Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне қосқан үлесін зерделеуден бастап, кейін ғылыми зерттеу аясын кеңейтіп, қазақ халқының шығу тегі, өркениеттегі орны, ХХ ғасырдың қасіретті тағдыры туралы тұтас галерея жасады. Қазақ халқының тілі, ділі, діні, мəдениетінің өзекті мəселелеріне арналған еңбектері – бір төбе. Ғалым-қайраткер қоғамтанушылардың алдыңғы қатарында Отан тарихын əлеуметтік-экономикалық формациялар мен өркениеттік талғам мен талап негізінде жаңаша зерделеу, қазақ мемлекеттігі, қазақ-жоңғар соғысы, Ресей империясының отаршылдық-басқыншылық саясаты туралы жүйелі түрде саралап, ғылыми-теориялық тұжырымдама қалыптастырды. Отантану ғылымын жаңа сатыға көтерді. Әлемдік тарихи үдерістер мен өркениеттегі қазақ халқының орнын анықтауға атсалысты. Бір сөзбен айтқанда, Отан тарихының тарихнамасы мен деректануы – осының бəрі жаңаша ойлау биігінен талданды.
Оның ғылым саласына қосқан зор үлесін саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын анықтау жəне оларды ақтау жолындағы азаматтық белсенділігінен бөліп қарауға болмайды. Алаш қозғалысын ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, ұлттық-демократиялық бағытын бірізділендірді. Бір естелігінде: «1957 жылы мен Челябі облыстық архивінде істедім. Сонда Мұхаметжан Сералин мен Ахмет Байтұрсыновтың Қостанай өлкесін тарихи-этнографиялық, экономикалық жағынан қазақ жері екендігін дәлелдеген бір хатымен танысып таң қалдым», дей келіп, Алаш арыстарының Отанына адал қызмет еткен жанкешті күресіне баға береді. Кенесары Қасымов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Əбдіғаппар Жанбосынов бастаған ұлт-азаттық қозғалыстары мен Алашорда автономиясына қатысты ауқымды зерттеулер жүргізді. «История и современность», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Жауға шаптым ту байлап», «Тарих зердесі» (2 томдық), «Проблемы отечественной истории: методология, историография, и источники» (2 томдық), «Труд во имя победы» жəне тағы да басқа еңбектерінде мемлекетіміз, тəуелсіздігіміз жайлы кеңінен толғанады.
Ғалым шығармашылығындағы бір ерекшелік ұлтжандылық пен ұлттық мүдде жолында қызмет етудегі азаматтық бейнесі дер едік. Мемлекет құрудағы адамға қажетті ең ұлық қасиеттер ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылып, «Ұлт элитасы – қайраткер, жасампаз, дауылпаз жан. Қайраткерлік ұлы істе танылады. Ұлы іс халық мүддесінен туындайды», деген пайымдармен өріледі. Ғасырлар тоғысында Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институтын басқара жүріп, ұлттық тарихнамаға екі олжа салды. Бірі – «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын», екіншісі – бес томнан тұратын «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның алғашқы үш томын жарыққа шығаруы. Бұл еңбектерде тарих білімінің негізгі басымдықтары, тарих білімі мен оқу-ағартуды реформалау жолдары дəйектелген.
Алдымызда Отан тарихын зерделеу, өскелең ұрпақ бойына «Мəңгілік Ел» ұлттық идеясын ұялату секілді міндеттер тұр. Бұл орайда, еліне, жеріне, халқына адал қызмет еткен ардақты азаматтардың өмірі арқылы жарқын белестерге ұмтылдырудың мән-маңызы зор. «Айналайын Отаным, Есіңе ал, Манаш балаңды», деп ғалымның өзі толғанғандай, Отаны аман тұрғанда ер есімі ұмытылмайды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – өңірдегі жалғыз мемлекеттік жоғары оқу орны болғандықтан, тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы болып өзгертілді. Кафедраның қызметі арқылы тарих білімін жандандыру, кадр əлеуетімен қамтамасыз ету мүмкіндіктері туып отыр. «Манаштану» дәріс курсы енгізіліп, ғалымның ғұмыры мен қызметі, құнды еңбектері, ұлтжандылық, отаншылдық бірегейлік ұстанымдары талмай насихатталатын болады. «Академик Манаш Қозыбаев» төсбелгісінің белгіленуі де ардақты ағамызға деген құрметтің бір айғағы болса керек. Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Манаш Қозыбаевтың өмірлік қағидасына айналған елдің тәуелсіздігі, ұлттың мұраты мәңгілік жасай берері күмәнсіз.
Серік ӨМІРБАЕВ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры,
экономика ғылымдарының докторы, профессор
"Егемен Қазақстан" газеті