Қазақ жері әлемдік маңызы бар ұлы оқиғалар мен өзгерістерді сан рет бастан өткізген. Олардың біразы дүние жүзі тарихынан лайықты орнын тауып отыр. Мәселен, IV ғасырда ғұндардың түрткі болуымен басталған халықтардың ұлы қоныс аударуы Рим империясының күйреуіне әкелсе, ежелгі дәуірден бастау алған Ұлы Жібек жолының тағдырында да қазақ даласының ықпалы айтарлықтай.
Тарихи деректерге жүгінсек, қазақтың құт мекенін алыс-жақын халықтар мен мемлекеттер түрліше атағанмен, болмыс-бітімін негізінен даламен байланыстырғанын байқаймыз. Ежелгі русьтіктер «Половецтер даласы» деп білсе, орта ғасырлардағы араб жазбаларында «Мафазат-ал гуз» (оғыз даласы), парсы авторларында «Дашт-и қыпшақ» (Қыпшақ даласы), «Улус ва ел қазақ» (Қазақ ұлысы) деген атаулар кездеседі. Ежелгі дүние мен орта ғасырлар тарихының майталман маманы Л.Н.Гумилев осылардың бәрін ой елегінен өткізе, өткен ғасырда «Древняя Русь и Великая степь» атауымен тамаша монографиясын жазғаны белгілі.
Даламыз бен елімізді қысқа да нұсқа түрде ұлықтаудың жұлдызды сәті 2014 жылы туды. 17 қаңтар күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауын жариялап, бұдан былайда ұлттық идеямыз «Мәңгілік Ел» екенін паш етті. Байырғы бабаларымыз қапысыз тапқан әрі ұрпағына тастағы жазуларымен аманаттаған бұл қазына ғасырлар елегінен өтіп, Тәуелсіздігімізді нығайтуға, ең дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге септесетініне еш күмән жоқ. «Мәңгілік ел» құру Еуразияның сайын даласын мекендеген халықтың ежелден ұлы арманы еді.
Президенттің интеллектуалдық ізденісі Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау үстінде тамаша пайым-тұжырыммен көмкерілді. Салтанатты жиында ол: «Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі!» деген еді.
Тәуелсіздігінің ширек ғасыры ішінде дәл Қазақстандай табыстарға жеткен мемлекеттер көп емес. Тарихи уақыт өлшемімен келгенде, 25 жыл – қас-қағым ғана сәт. Ал бар болу мен жоқ болудың дилеммасы алдында тұрған нақты мемлекет пен оның азаматтары үшін 25 жыл аз уақыт емес. Ақиқат мынада: жаңадан шаңырақ көтерген жас мемлекет ширек ғасыр ішінде тәуелсіздік мүддесіне сай ішкі және сыртқы саясаты мен практикасын түзе алмаса, әлемдік қауымдастықтағы лайықты орнын таппаса, оған атауын беріп отырған ұлттың болашағы жоқ деген сөз.
Қазақстан бұл сынақтан абыроймен өтті. Мемлекет құраушы қазақ халқы тарих артқан миссияны, барлық қиыншылықтарға қарамастан, лайықты атқарды.
Иә, Тәуелсіздік қарсаңындағы Қазақстанды қазіргі Қазақстанмен қатар қоя алмаймыз. Бірақ, табыстан бас айналмағаны дұрыс. Алда талай сынақтар тосып тұр. Біз ең дамыған 30 елдің тобына кіруді, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыруды көздеген халықпыз ғой. Олай болса, ілгерілеуімізге бөгесін туғызатын ескі немесе жаңадан пайда болған кедергілерді осы бастан анықтап алуымыз керек. Ал олар экономикада да, әлеуметтік инфрақұрылымда да, білім мен ғылымда да, мәдениет пен өнерде де, жастармен жұмыста да баршылық. Түптеп келгенде, мемлекетімізде орын алып отырған келеңсіздіктерге халық жауапты емес. Халықтың бірлігі, оның ішінде қазақтың бірегейлігі – тәуелсіздіктің басты жемісі әрі қуат күші. Әрине, кем-кетіксіз мемлекет болмайды. Бірақ, сол кереғарлықтар мен кемшіліктер шектен шығып, мемлекет құраушы ұлттың бірегейлігі мен болмысына зиянды салмақ түсірген жағдайда ұлттың да, мемлекеттің де болашағы бұлыңғыр тартары сөзсіз. Ол әр елде әртүрлі көрініс берген. Мәселен, Кеңес Одағының ыдырауына әкелген кереғарлықтар мен кемшіліктердің негізгісіне, біріншіден, ұлтаралық қатынастардағы дағдарысты, екіншіден, технологиялық тоқырауды, үшіншіден, саяси-идеологиялық меңіреулікті жатқызар едік. Югославияның, Ирактың, Ауғанстанның, Украинаның әрқайсысының өз қасіреті бар.
Тап қазір тәуелсіздігіміз бен ұлттық болмыс-бірегейлігімізге апат қаупі төніп тұрған жоқ. Дегенмен, көзге көрініп келе жатқан бірлі-жарым үдерістің әкелер зардабы ертең-ақ «кімді-кім» деген сұрақты алдымыздан шығаруы бек мүмкін.
Біздің ойымызша, ұлттық бірегейлік дегеніміз – этногенезі мен этностық дамуы ортақ әрі бір аумақта эволюциялық сабақтастықпен орын алған түрлі (экономикалық, әлеуметтік, рухани, т.б.) үдерістер нәтижесінде мемлекетін құра алған адамдардың үлкен қауымдастығын басқа этностардан ерекшелендіретін интегралды көрсеткіш. Ұлттық болмыс – осы тарихи қауымдастыққа ғана тән тілдік, салт-дәстүрлік, дүниетанымдық, талғамдық, еңбекқорлық, қауіпсіздік сынды базалық құндылықтар қазынасының үздіксіз баюы әрі әрбір азаматының бойынан табылуы.
Басқаша айтқанда, мың өліп, мың тірілсе де, ұлы даласы мен еркіндікті, домбырасы мен бесігін қастерлеген, малын – жанының, жанын – арының садағасы қылған, әрбір қазақты жалғызым деп бағалаған бірегейлік пен болмыс қана ұлттық мемлекетке тірек бола алады. Ішкі бірлік еліміздің өркендеуі үшін қандай қажет болса, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге соншалықты қажет. Күрес пен жеңістің өзегі – бірлікте.
Ұлы Даланың толағай тарихы бар. Оны кезінде антикалық әлем жылнамашылары мен шежірешілері де хатқа түсіргені мәлім. Бірен-саран жарқын беттері Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет пен ауызша тарихта түзілді. Отарлық және кеңестік ғасырларда Ұлы Дала елінің ұлттық тарихы жат жерлік өркениет пен идеология, теория мен практика қысымына сай зерттеліп, насихатталды. Нәтижесінде, өткеніміздің формациялық сүлбесі анықталғанмен, мазмұны ақиқаттан алшақ мифтермен бұрмаланды. Төл тарихымыздың тамыршысы, академик М.Қозыбаев XVIII-XX ғасырлардағы Қазақстанға қатысты оннан астам тарихи мифті әшкерелеген еді. Олар: қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының статусын төмендетіп, қазақ сахарасында пролетариат қозғалысының статусын әсірелеу мифі; Қазақстан тарихында қазақ халқының Ресейдің құрамына енуінің прогрессивтік маңызын әсірелеу мифі; 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын большевиктік арнада әсірелеу мифі; әдебиетте 1917 жылғы Ақпан революциясының болмысын тұқыртып, оның жасаған жақсылық ісін жасырып, кемшілігін асырып, Қазан революциясымен шендестіру, қарама-қарсы қою мифі; Қазан төңкерісінің заңдылығы туралы миф; ұлт мүддесін қорғаған қайраткерлерге, кейін барша халыққа ұлтшылдық айдарын тағу мифі; Қазақ кеңестік мемлекеттік статусты әсірелеу мифі; бұрынғы Одақтың, одан қалды, Қазақстанның 70-80-жылдардағы дамуы туралы қарама-қарсы миф.
Бұлардан басқа, И.Сталин туралы, Ұлы Отан соғысының сипаты, Ұлы Жеңістің қозғаушы күштері, соғыс шығыны туралы таласты проблемалар Қазақстан мысалдары негізінде ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағы тарихымен байланысты қарастырылды.
Ұлы Дала елінің тарихын мифтерден, яғни тәтті ертегіден арылту, шынайы баянын дәйектеу Тәуелсіздік арқасында ғана мүмкін болды. Тарихымызды заманауи талаптар биігінен зерделеуге соны серпін берген тұлға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екеніне ешкімнің дауы жоқ. Мемлекет басшысының тарихқа әділ көзқарасын: «Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі», «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», деген ой-тұжырымдарынан байқау қиын емес. Тәуелсіздік мемлекетке, азаматтарға ғана емес, тарихи сана мен ғылымға да қажет екенін тереңнен толғанған Елбасы оның екі тұғырын тіктеуді бір сәтке назарынан тыс қалдырмады.
Бірінші тұғыр – тарих білімі мен ғылымының жаңаша түлеуі үшін қажетті алғышарттар мен қажеттіліктерді қалыптастырғаны. Бұл орайда, Президентіміздің тікелей басшылығымен қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың саяси-идеологиялық, таптық догмалардан қол үзуі айрықша маңызды. Соған қоса, тарихи білім беру жүйесі реформаланды, жаңа буын оқулықтар мен оқу құралдары жазылды, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары ашылды. Зәрулігі өткір мамандықтар бойынша маман даярлау қолға алынды.
Қысқасы, атқарылған істерді түгел жіпке тізіп шығу мүмкін емес. Қазіргі Қазақстанда тарихи білім мен ғылымды дамытуға айтарлықтай бөгесін қалған жоқ. Сондықтан да шығар, қолына қалам ұстаған көзіқарақты жандардың бәрі тарихшы болуға шақ қалды. Мұның жақсы да, жаман да жақтары бар екеніне көзіміз жетуде. Атын шығарудың оңай жолын таңдағандарға айтылған сын-ескертпелер баршылық. Елбасы да бірде былай деген еді: «Тарихтың тағылымы біреу-ақ: ол ешқандай тағылым бермейді дейтін тұжырымға мен үзілді-кесілді қарсымын. Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын адамдар шынында да тарихтан тағылым ала алмайды».
Екінші тұғыр – ұлттық тарихты бұрын-соңды шықпаған биікке көтеруге, оның тәжірибесі мен тағылымын адамзат өркениетімен салыстыра-шендестіре таразылауға Елбасының қосқан өзіндік үлесі. Бұның өзі бірнеше салаға жіктеліп жатыр. Алдымен ауызға аларымыз – тарихи ой-сананың танымдық әлеуетін арттырған әрі үздік табыстарға жеткізген жаңа теориялық-методологиялық негізді қалағаны, тарихи зерттеулердің құйрық-қанатындай деректік-ақпараттық базаның байығаны.
Отан тарихының маңдайын ашқан президенттік олжаның нақты көрінісіне әлемдік, отандық тарихи үдерістер мен тәжірибенің бүгінгі, ертеңгі Қазақстанға, азаматтарымызға, әсіресе, жастарға ықпалы, өткенімізбен сабақтастық, жалғастық жаһандануды жатсынбайтынын, қайта ең дамыған мемлекеттер қатарына қосылуға септесетінін жан-жақты ашып бергенін, қаламынан туған «Тарих толқынында», «Қазақстан жолы», «Еуразия жүрегінде» сынды еңбектерін, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу (1997), ұлттық тарих (1998) жылдарын белгілеуін, ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуін (2012), Абылайдың 300 жылдығын тойлауды (2013), ЮНЕСКО күнтізбесіне Түркістанның 1500, Тараздың 2000 жылдығын, Абайдың, М.Әуезовтің, Қ.Сәтбаевтың, Ә.Марғұланның, Ә.Қас-
теевтің, Құрманғазының, Ә.Бөкейханның мерейтойларын енгізуін жатқызамыз. Осылардың әрқайсысы тарих саласында қордаланып қалған міндеттерді шешуге, ғылыми ақиқатты қалпына келтіруге, «ақтаңдақтарды» жоюға серпін берді, ғалымдарды құлшындырды.
Ақиқатты айта алған тарих ғылымы адамның санасы мен жүрегіне жол табады. Тарихпен тәрбиелеу дегеніміз – осы. Ең бастысы – Қазақстан халқының тарихи санасында сапалық өзгерістер байқалуда. Біздің азаматтарымыз елінің өткеніне бұрынғыдай қоғамдық-формациялық өлшеммен, тап күресі, идеологиялық ымырасыздық, революциялар ұғымымен қарай бермейді. Ұлт тарихында ілгерілеу мен іркіліс те орын алғанын, оған халықтың да, тұлғаның да, биліктің де қатысы барын ендігі жерде бекерлемейді. Қазіргі тарихи санада тәуелсіздік пен мемлекеттілік идеялары нық орныққан. Тарих өлшемі бойынша, ширек ғасыр уақыт – қас-қағым ғана сәт. Ұлттық тарихымызды зерттеу мен насихаттауда, оқыту мен ұлықтауда біткенінен бітпеген іс көп. Елбасы сөзімен айтсақ, «тарихтың ұлы ұстаз екені рас, дегенмен, мәңгі-бақи оның аясында қалып қоюға болмайды». Ол әрбір қазақстандықты жасампаз әрекетке жұмылдыратын, оптимистік қуатты құлшыныс туғызатын білім мен біліктіліктің, инновация мен сенімнің көзіне айналғаны абзал. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан, мәңгілік Ұлы Дала Елі осылай туады.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі
Дереккөзі: «Егемен Қазақстан» газеті