18 сәу, 2017 сағат 14:20

Тараздық ұстаздар Елбасының мақаласын талқылады

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының мақаласын талқылады. Алқалы жиында оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері рухани жаңғыру идеясының мән-маңызын сөз қылды.

Бұл туралы ТарМПИ-дың ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады. Басқосуда институттың Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова бұл мазмұны терең, ұлттық мүддемізбен сабақтас құндылықтарды жандандыруға бағытталған сүбелі еңбек екендігін айтты. 

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің болашақ даму бағыты айқындалды. Біз – бірлік пен берекені, тұрақтылық пен өзара келісімді нығайта отырып, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын нақты жүзеге асыра бастадық. Осы жолда Елбасы қоғамның, әрбір ел азаматының санасын жаңғыртудың нақты бірнеше басым бағыттарын нақтылап берді. Мұнымен қоса, Президент мақалада мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуын ерекше атап өтті. Әлбетте, кез келген ортада бәсекеге қабілетті болу – табысты адамның формуласы. Ол бүгінгі заманның талабы, – деді О. Жолдасова.

ТарМПИ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Әуезхан Шашаев мақалада рухани салаға ерекше көңіл бөлінгендігін және бұл мемлекет дамуының үшінші тұғыры болуы тиістігін әңгімеледі.

– Ең басты яки негізгі мәселенің бірі «Туған жер» бағдарламасының қолға алынатындығы. Біз өскен өңірімізді жақсы көріп, туған жерімізді мақтан ету арқылы Отанымызға, мемлекетімізге деген сүйіспеншілігіміз арта түседі. Сонымен қатар, мақаладағы басымдықтардың бірі қазақтың салт-дәстүрін, ұлттың мәдени кодын халықаралық, гуманитарлық, экономикалық процестерге сәйкестендіріп, сол үдерістерге ілестіріп жіберу болып табылады.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанда латын әліпбиін қолданысқа енгізу мәселесіне де ерекше мән беру қажеттігін алға тартты. Күн сайын қарқынды дамып жатқан заманауи технология, коммуникация және инновацияның техникалық тілін жедел меңгеруде латын қарпінің рөлі айрықша маңызды болмақ, – деп атап өтті Ә. Шашаев.

Жиын барысында мақалада көрсетілген «Ұлттық сана», «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», «Мәдени-географиялық белдеу», «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» және өзге де мәселелер турасында кеңінен әңгіме қозғалып, қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды.

"Егемен Қазақстан" газеті