Тараз қаласының екі тұрғыны рейдерлік әрекеті үшін сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комитеттің Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті екі тұрғынға қатысты заңды тұлғаға заңсыз бақылау орнату (рейдерлік) фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.
Тергеу барысында 2004-2011 жылдар аралығында барлығы үш кәсіпорын - «Тараз ИнКом» ЖШС, «Индустриальный ресурс» ЖШС, «ННП Convergo Nursad» ЖШС құрылып, олардағы үлес айыпталушылар (3 компаниядағы үлес : 40%, 49%, 50%) және жәбірленуші тарап (3 компаниядағы үлесі: 20%, 51%, 50%) арасында тең емес бөлікке бөлінгендігі анықталды.
«2018-2020 жылдары Тараз қаласында алдын-ала сөз байласа отырып, екі сыбайлас жоғарыда аталған кәсіпорындар бойынша 100% қатысушылардың жалпы жиналысының ресми кворумын жариялай отырып, жалпы жиналыстардың хаттамаларын жасады, өздері жиналыстың төрағасы және хатшысы ретінде хаттамаға қол қойған. Бұл ретте зардап шеккен тараптың орнына да қол қойған.
Жалпы жиналыстың қорытындылары бойынша айыпталушылардың бірін шоттар ашу, банк карталарында және қаржылық құжаттарда, келісімшарттарда бірінші қол қою құқығымен, кәсіпорындардың банк шоттарындағы қаражаттарды иеліктен шығару құқығымен серіктестіктердің директоры етіп тағайындау туралы шешімдер қабылданады, сондай-ақ әділет органдарындағы заңды мекенжайлары өзгертіледі.
Осылайша, жәбірленуші тарап кәсіпорындардағы қатысушының үлесінен айырылды», делінген хабарламада.
Тараз қаласының №2 сотының өкімімен Қылмыстық кодекстің 249-бабы, 2-бөлігі, 1-2-тармағына сәйкес айыпталушы Р.Нұрбаев және Б.Беков шартты түрде 3 жылға сотталды.