05 мам, 2020 сағат 16:44

Тамара Дүйсенова жаңа қызметке тағайындалды

Тамара Дүйсенова Қазақстан Президентінің көмекшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

"Тамара Босымбекқызы Дүйсенова Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын", - делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.  

Ол 4 мамырда Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған Аида Балаеваның орнына келді.

Айта кетейік, Тамара Дүйсенова Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары жауапты басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі, жауапты хатшысы, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Nur Otan партиясының хатшысы қызметтерін атқарды.

2019 жылдың шілдесінен бүгінге дейін "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ның басшысы болды.