28 нау, 2019 сағат 12:13

Талғат Мұсабаев Қызылорда облысындағы тікұшақ апаты туралы ойын айтты

Сенат депутаты Талғат Мұсабаев тілшілерге Қызылорда облысында тікұшақ апатының мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қорғаныс министрлігінің өткізген арнайы жаттығуы аясында тікұшақ әуеге көтерілген. Бұл топ Ақтаудан Шымкентке қарай бағыт алған, сондай-ақ оның осы аралықта Бейнеуде, кейіннен «Крайний» (Байқоңыр) әуе айлағында қонуы жоспарланған. Байқоңырдан ұшып шыққаннан соң бірнеше минуттан кейін  диспетчерлік қызметтің радиолокаторларындағы тікұшақтың белгісі жоғалып кеткен. Кейіннен тікұшақтың апат болғаны анықталды», - деді Талғат Мұсабаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар тікұшақтың ұшуы қиын метеорологиялық жағдайда өткенін атап өтті.

«Бұл күрделі әуе сапары ерекше таңба қалдырады. Мен оны ұшқыш ретінде айтып отырмын. Осындай қиын жағдайда ұшу қандай ауыртпалық түсіретінін жақсы білемін. Экипаж барлық қажетті шараны қабылдады. Техниканың өзіндік ерекшелігі бар, яғни авиация - ол ең қиын көліктің түрі. Сондықтан мұндай оқиғалар экипажға байланысты емес қайғылы оқиғалар болады», - деді сенатор.

Осы орайда ол қылмыстық іс аясында ерекше тергеу амалдары жүргізілетінін, Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын

Апат салдарынан тікұшақ бортындағы 13 адам қаза тапты.