22 сәу, 2026 сағат 12:49

Талғарда 20 жастағы жігітті топ болып пышақтап өлтірді


Фото: ашық дереккөз

Алматы облысының Талғар ауданында 20 жастағы жігіт топтық шабуыл салдарынан көз жұмды. Марқұмның туысы әлеуметтік желіде оқиғаның егжей-тегжейін жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, 2026 жылдың 12 сәуірінде інісіне 10-нан астам адамнан тұратын топ шабуыл жасаған. Жәбірленуші қоршауда қалып, қорғануға мүмкіндік алмаған. Алған пышақ жарақаттарынан ол оқиға орнында қаза тапқан.

Туысы бұл кездейсоқ жанжал емес, алдын ала ұйымдасқан топтық шабуыл екенін айтып, қолында 30-ға жуық куәгер мен бейнежазба барын жеткізді. Сондай-ақ ол іс бойынша әзірге бір ғана күдіктінің қамауда отырғанына наразы екенін білдірген.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Талғар ауданындағы Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған. Кісі өлтіру және бұзақылық деректері бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.

Жедел-іздестіру барысында 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Бұзақылық фактісі бойынша тағы үш адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Екі күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған, ал бір кәмелетке толмағанға қатысты оқшаулаумен байланысты емес шектеу шарасы тағайындалған.

Полиция барлық куәгерлер анықталып, жауап алынғанын хабарлады. Қазір тергеу іс бойынша барлық мән-жайды жан-жақты анықтауға бағытталған. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.