22 сәу, 2026 сағат 12:38

108 млн теңге “ауаға кеткен”: Жамбыл облысында ірі бюджет жымқыру дерегі ашылды

Фото: gov.kz

Жамбыл облысының Меркі ауданында 108 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатының жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Прокуратура жүргізген талдау барысында аудандық әкімдіктің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мемлекет қаржысын заңсыз жұмсағаны белгілі болды. Атап айтқанда, Мыңқазан ауылындағы тұрғын үй массивіне электр желілерін тарту жобасы бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға қарамастан, мердігер ұйымға қаржы аударылған.

Нәтижесінде мемлекетке 108 млн теңге залал келтірілген.

Аталған факті бойынша 2026 жылғы 30 наурызда ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс әрі қарай тексеру жүргізу үшін ҰҚК-нің Жамбыл облысы бойынша департаментіне берілген.

Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.

Айта кетейік, бұған дейін 1 млн доллар жымқырған күдікті Германияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған болатын.