19 ақп, 2019 сағат 13:44

Талғарда 19 жастағы қыз 40 метр биіктіктен секірмек болды (Видео)

Алматы облысының құтқарушылары биіктігі 40 метр қазандық мұржасынан секірмек болған 19 жастағы қызды райынан қайтарып, аман алып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Төтенше жағдайлар комитетінің ақпаратына сүйенсек, оқыс оқиға туралы хабар құтқарушыларға таңертең түскен.

"19-ақпан күні Алматы облысы Талғар қаласының өрт сөндіру станциясына сағат 11:18-де жұмыс істемей тұрған қазандыққа 2000 жылы туған қыз шығып, "биіктен секіремін" деп азаматтарды қорқытқаны туралы хабар түскен. Қазандық Талғар қаласынан 30 шақырым шердегі Арқабай ауылында орналасқан. Оның биіктігі 35-40 метр", - делінген хабарламада.

Оқиға орнына Талғар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің 5 өрт сөндірушісі мен полиция қызметкелері шұғыл жеткен.

"Талғар қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру станциясының маманы Ришад Рахимов пен Талғар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Нұрсұлтан Нұрғалиев қазандыққа көтеріліп, өз-өзіне қол салмақшы болған қызбен сөйлесті. Нәтижесінде олар қызды арнайы арқанның көмегімен түсіріп алды", - делінген хабарламада.

Бойжеткен отбасындағы жанжалдан соң осындай қадамға барған. Құтқарушылар қызды райынан қайтарып, аман алып қалды.