12 қыр, 2019 сағат 11:12

Талғар асуында 4 шетелдік адасып кетті

Тянь-Шань тауларында бір топ шетелдік саяхатшы адасып кетті. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Ведомствоның мәліметінше, 11 қыркүйек күні таңертең бір топ шетелдік саяхатшы Талғар асуына жорыққа шығып, Турист асуы арқылы төмен түсуге ниеттенген. Польшаның 4 адамынан жасақталған топқа Тянь-Шань тауына саяхаттауда еш тәжірибесі жоқ Украина азаматы жол нұсқаушы болған. Саяхатшылар Альпі раушаны алаңқайы ауданына жеткен кезде қар жауып, сүрлеу жол көрінбей қалады. Кіші Талғар асуына жеткен олар қардан сусымалы батпаққа айналған соқпақпен жоғары өрлеп шыға алмаған. Осыдан кейін шетелдіктер бұрынғы бағдарына қайта түсіп, селден қорғау бекетіне жеткен. Алайда ол жерден тірі жанды кездестіре алмаған саяхатшылар құтқарушыларға хабарласқан.

«Сағат 14-00-де ТЖК Республикалық жедел құтқару жасағының кезекшілігіне шетелдіктерді асудан төмен түсіруге көмек қажеттігі туралы ақпарат түсті. Жедел топ бара жатқан кезде телефон арқылы адасқан адамдарға кеңес берілді, олардың болжамды тұрған жері анықталды. Мұндай жағдайда жергілікті жер бедері мен ауа райын ескере отырып, Бутаковка асуына қарай жылжу қажеттігі түсіндірілді. Шетелдіктерге қардың аз жауғанына қарамастан көшкін жүру қаупі бар екендігін айтылып, барынша абайлап жүру керектігі ескертілді» делінген таратылған ақпаратта. 

Ал бұл уақытта құтқарушылар адасып кеткен шетелдіктерге қарама-қарсы бара жатқан еді. Саяхатшылармен байланысып отырған кезекші диспетчер құтқарушылардың бағдарын да үйлестіріп, нәтижесінде саяхатшылар табылды. Шетелдіктердің ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оларды дін аман қалаға жеткізді.