Талдықорғанда автомобиль шиналарын қайта өңдеу зауытында өрт шығып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Департаментке өрт туралы хабарлама 25 тамызда 03.25-те келіп түскен. Мәлім болғандай, өңделген шиналарға арналған 5 текше метрлік ваккумдық пиролиздеу резервуарында жарылыс болды. Ол ашық алаңда орналасқан, артынан жанындағы ескі шиналар тұтанып, 80 шаршы метр жерді өрт шарпыды.
"Өрт салдарынан 1962, 1969 және 1977 жылғы үш жұмысшы зардап шекті. Екі ер адамның жағдайы орташа. 1977 жылы туған азаматтың жағдай ауыр. Үшеуі де көпсалалы ауруханаға жеткізілді", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, дәрігерлер Талдықорғандағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайын айтты.
«Бүгін таңғы сағат 4:00 шамасында 3 адам аса ауыр күйік жарақатымен қабылдау бөліміне түсті. Бір науқастың жағдайы өте ауыр, 93-95 пайыз күйік жарақатын алған. Қалған екі науқастың жағдайы орташа. Жансақтау бөлімінде барлық ем-шаралар жүргізіліп жатыр. Науқастардың жағдайы бақылауда», - деді Талдықорған қалалық көпсалалы аурухананың дәрігері Ілияс Бүйрекбаев.
Өрт ошағы таңғы сағат 04.27-де оқушауландырылып, 04.49-да сөндірілді. Оқиға болған жерге төтенше жағдайлар департаментінің 9 техникасы мен 24 қызметкері барды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері, жедел жәрдем мен су және электр желілері қызметкерлері де сол жерде болды.
Төтенше жағдайлар департаментінің болжамы бойынша, өрттің шығуына жұмыс аумағында технологиялық процестің дұрыс атқарылмауы себеп болған.