25 қаң, 2022 сағат 09:40

Талдықорғанда тонауға қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды


Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорған ПБ қызметкерлерімен бірге тәртіпсіздік кезінде облыс әкімдігі ғимаратын тонаған күдіктілерді анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорғанның 41, 37 және 24 жастағы үш тұрғыны ұсталды. Олар 5-7 қаңтар аралығында облыс әкімдігі ғимаратына заңсыз кіріп, тұрмыстық техника ұрлады. Екі тоңазытқыш, екі кондиционер, мультиварка, кеңсе орындығы, су сорғысы және т.б. заттар ұрланған", - деді Алматы облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Руслан Найзабасов.

© instagram/police_almobl

Еске салайық, биыл қаңтардың басында Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздік болған еді. Осы оқиғалар кезінде мемлекеттік мекеме ғимаратынан құнды заттар ұрланған.

"Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір бұл адамдар кінәларын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды", - деді полковник Найзабасов.