20 мам, 2020 сағат 14:35

Талап сақталмаса, қатаң карантинге қайта ораламыз - Бас санитарлық дәрігер

Санитарлық талаптардың сақталмауы қатаң карантин режиміне қайта алып келуі мүмкін. Бұл туралы ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай режимінің алынып тасталуы карантин шараларының да алынғандығын білдірмейді. Вирус ешқайда кетпегендігін және арамызда таралып жүргендігін түсінуіміз қажет. Барлығымыздың мақсатымыз - оның одан ары таралуына әрі сырқаттанушылардың артуына жол бермеу. Бұған қоса, әрқайсымыздың, жақындарымыздың денсаулығына және еліміздің экономикасына нұқсан келтірмей, карантин шараларын біртіндеп жеңілдету», - деді бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, барлық нысандар қызметінің қайта қалпына келтірілуі мен санитарлық талаптардың сақталуы қатар жүруі тиіс.

«Талаптардың сақталмауы бізді қатаң карантин режиміне қайта алып келуі мүмкін. Бұған қоса, карантиннің жеңілдетілуі мен көптеген нысандар жұмысының қайта жандануы жағдайында бизнес субъектілеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс», - деді Айжан Есмағамбетова.