«Сүйінші! Túrkistan газетіндегі сұхбатымды оқып, Қазақстанның Президенті маған, Кореяға хат жолдады. Өңім бе, түсім бе, сене алар емеспін!» дейді Нұрай қыз, редакция ұжымымен қуанышын бөлісіп. Міне, жаңалық! Қияндағы корей елінде жүріп, қазақ тілінің жоғын түгендеген бойжеткеннің сұхбатын газетке жарияларда ұжымымызбен оның ниетіне сүйсініп едік. Мемлекет басшысының өзі ерекше ықылас танытып, қолдау білдіргеніне тіпті қуанып қалдық.
Еске сала кетейік, газетіміздің 2021 жылғы 18 ақпандағы санында (№07) «Қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмектесетін маман іздеймін» деген тақырыппен Хангук шет тілдер университетінің түлегі әрі қазіргі қызметкері Цой Ён Сонның (қазақша есімі – Нұрай) сұхбаты жарияланған болатын. Онда Оңтүстік Кореяда жүрегін емдеткен қазақ баласының орыстілді аудармашыны түсінбей, қиналғанын естіген Ён Сон қазақ тілін жетік меңгеріп, аудармашы болуға бел буғанын, сонымен қатар, қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмектесетін маман іздеп жүргенін айтқан еді. Міне, осы сұхбатты оқыған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрайға арнайы хат жолдады. Ал Президенттің аманатын еліміздің Оңтүстік Кореядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев жеткізді. Мемлекет басшысының хатында «Сенің Túrkistan газетінде жарияланған сұхбатыңды ықыласпен оқып шықтым. Қазақ тілін жетік меңгеріп, өзгелерге, әсіресе жастарға жақсы үлгі көрсеткенің үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақ-кәріс сөздігін әзірлеу туралы игі бастамаңмен танысып, еліміздің Сыртқы істер министрі мен Білім және ғылым министріне тапсырмамды бердім» – деп жазылыпты. Бәрекелді!
Түсіне білгенге, қазақ тілінің жанашыры болып жүрген өзге елдің азаматына құрмет көрсеткен Президент ана тілін білмейтін көп қазаққа ой салып отыр. Оның үстіне, Мемлекет басшысының билік пен бұқара арасындағы дәнекер – баспасөзге шыққан әрбір өзекті мәселені назардан тыс қалдырмай, ерекше көңіл бөліп отыратыны да біздің атқамінерлердің талайына үлгі. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлының ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған ел тағдырына қатысты қайсыбір шетін мәселеге өз пікірін білдіріп, қайғыда да, қуанышта да елмен бірге екенін үнемі сездіріп отыратыны қуантады.
Бүгінде Оңтүстік Кореяда білім іздеп, ем алып, нәпақасын тауып жүрген отандастарымыз баршылық. Тілі бөлек, жат жерде қазақтарға көмекші құрал болсын деп, қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға талаптанып жүрген Нұрайдың ниеті шынында ізгі.
Президент Нұрайға жазған хатында «Талабыңа нұр жаусын, Нұрай!» деп ақ тілегін білдірген екен. Біздің де тілек осы.
Қазақстан Президентінен хат алуым өмірімдегі ерекше сәт болды
Цой Ён Сон, Хангук шет тілдері университетінің ғылыми қызметкері:
– Бастапқыда Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігінің өкілдері хабарласып, маған Ақордадан арнайы хат келгенін айтқанда сенбедім. Қазақстан Президентінен хат алуым мүмкін емес деп ойладым. Мен туралы естіп-білсе де хат жазбайтын шығар деп топшыладым. Сол себепті бұл туралы алғаш естігенде Қазақстан Президентінен хат алатындай ерлік жасаған жоқпын ғой деген ойда болдым. Сосын Қазақстанның Кореядағы елшісі маған қазақ тілін үйреткен Әлия апай мен университетіміздің вице-президентінің алдында хатты дауыстап оқып, ресми түрде табыстаған кезде ғана сендім. Өмірімдегі ерекше сәт болды. Қуанышымда шек болмады. Өте риза болдым. Сонымен қатар, хатында жазғандай Президенттің қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмек көрсетуді Қазақстанның Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктеріне тапсырғаны мені қуантты. Менімен қоса ата-анам да қатты қуанды. Олар да мен секілді бастапқыда сенген жоқ. «Қызымыз басқа елдің Президентінен алғыс хат алды» десе, көпшілік сенбейді ғой. Ата-анам қазақ тілінде ештеңе түсінбесе де, менің қазақ тілінде еркін сөйлей алатынымды мақтан тұтады. Екі жыл бұрын Қазақстанға бірге саяхат жасағанбыз. Сол кезде олар Қазақстанның табиғатын қатты ұнатқан еді. Жалпы, Қазақстан Президенті жолдаған алғыс хатында тек маған емес, сонымен қатар мені тәрбиелеп өсірген ата-анама да ризашылық білдірді деп түсінемін.
Осы ретте қазақ тілін дамытуға деген бастамамды қолдап, арнайы хат жолдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға алғыс айтамын! Сонымен қатар, менен сұхбат алған Túrkistan газетінің ұжымына да айтар алғысым шексіз!
Нұрайды қазақ тіліне деген құрметі үшін бағалаймын
Әлия ҚҰРЫШЖАН, Хангук шет тілдері университетінің профессоры:
– Túrkistan газетін бұрыннан оқимын. Тек оқып қоймай, студенттерге оқу құралы ретінде сабақта қолданамын. Басқа басылымдармен салыстырғанда, Túrkistan-ның тілі жатық, материалды беру тәсілі бөлек. Сол себепті өзім сүйіп оқитын газетке шыққан шәкіртімнің сұхбатын Мемлекет басшысының оқығаны көңіл қуантады. Әлі күнге дейін түгел ұжыммен бірге қуанып, айтып жүрміз. Кеше бұл жаңалықты көктемгі семестрді бастап жатқан студенттерге айтып бердім. Оларға «Нұрай да бастапқыда сендер секілді қазақ тілінде әріптерді жазып-айтып үйреніп жүрген. Нәтижесінде табандылық танытып, қазақ тілін жақсы меңгеріп алды. Сендер де Нұрай секілді еңбектенсеңдер, осылай жемісін көресіңдер» деп жігерлендіріп қойдым.
Бастапқыда Нұрай хатта өзімен қоса мені де атап өткенін айтқанда қатты таңғалдым. Негізі, тілді зерттеу, мұны шетелдіктерге оқыту расымен инемен құдық қазғандай. Дегенмен күндердің күнінде ел Президентінің Сеулде кәрістерге қазақ тілін үйретіп жүрген менің еңбегімді бағалап, сәлем жолдайды деп күткен жоқпын. Сондықтан Нұрайды қазақ тілін білуге баулығаным үшін қуаныштымын.
Жалпы, басқа тілдерге үйрететін факультеттермен салыстырғанда біздің факультет онша үлкен емес. Десек те факультеттердің арасында бәсекелестік жоғары, сондықтан жұмысымды оңай дей алмаймын. Шетелдік студенттерді «Қазақ тілі – әуезді тіл, Қазақстан – әдемі ел» деп қызығушылығын ояту үшін талай күш салуым керек. Сосын олардың сабақ барысында қызығушылығының кеміп қалмауын қадағалауым қажет. Қырық жыл еңбек өтілім болса да, қазірге дейін әр сабаққа тыңғылықты дайындаламын, өйткені жыл сайын қатарға қосылып жатқан студенттердің талабы басқа, көзқарасы да өзгеше. Дегенмен студенттерімнің арасында өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырған, Қазақстан туралы үнемі ойлап жүретін Нұрайдың орны ерекше. EXPO көрмесі кезінде Корея павильонында жұмыс істеуге жастардың арасында конкурс жарияланғанда, тілден емтихан алды. Сол кезде жүзге жуық үміткер қабылдау комиссиясының орыс тілінде әзірлеген емтиханына қатысқан. Ал Нұрай болса, «EXPO Қазақстанда өтеді. Сол себепті емтиханды Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінде ғана тапсырамын» деп табандап тұрып алды. Қазақ тілінде нұсқалар әзірлемеген емтихан алушылар сасқалақтап, ертесінде жалғыз Нұрайдан қазақ тілінде емтихан алды. Сол себепті Нұрайды қазақ тіліне деген осындай ерекше құрметі үшін бағалаймын. Сонымен қатар, еліміздің бейбіт аспан астында өмір сүруіне үлес қосып жатқан Президентімді де ерекше құрметтеймін. Мемлекет басшысының әкесінің керемет тұлға болғанын көпшілік жақсы біледі. Ол кісінің зиялы ортада өсіп-өнгені көрініп тұр. Ел басқарумен қатар, қазақ мәдениетіне қызығатын шетелдіктерге көңіл бөліп, сондай-ақ, заман ағымынан қалыспай, әлеуметтік желіге мән беріп жүргеніне өте ризамын.
Қуат ӘУЕСБАЙ,
"Түркістан" газеті