Ақдана Әлиева Шымкент қаласынан Астанаға жалдаған такси жүргізушісі 4 жасар қызын ұрламақ болғанын айтып берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақдана күйеуімен жол бойында дүкенге кірген, сол кезде такси жүргізушісі кішкентай қызды алып, кетіп қалған.
"Күйеуім машинаға отыруға бара жатқан кезде ол машинамен тез қасынан өтіп кетеді. Күйеуім тоқтайтын шығар деп машинаның артынан жүрген. Оның басына баламды алып қашып кетеді деген ой кірмеген ғой. Бізбен бірге келе жатқан тағы бір бөтен жолаушыны машинаға отырғызған, сосын екеуі қатты кетіп қалған. Күйеуім машинада бала отырғанын түсініп, артынан жүгіреді. Машина кетіп қалғанда күйеуім менің қасыма келіп, "телефонды әкел, баланы алып кетті, баланы алып кетті! " деді", - деп баяндады ол өзінің instagram парақшасында.
Кейін такси жүргізушісіне хабарласқанда жүргізушінің телефоны сөндірулі болған. Сондан олар полицияға хабарласып, мән-жайды айтып берген.
25 минут өткенде такси жүргізушісі қайтып келіп, телефоны істемей қалғанын, ата-анасының көлікте жоқ екенін байқамай қалғанын айтып, баланы қайтарған.
Ақдана Әлиева бұл қасақана жасалған әрекет деп есептейтінін айтады. Оның пікірінше таксист бүлдіршінді бұл іске полиция араласқасын ғана қайтарды.

