16 қыр, 2019 сағат 14:50

«Сыра королі» Тоқтар Төлешовтен мемлекет пайдасына 1 млрд 215 млн теңге өндірілді

Шымкенттік прокурорлар бұған дейін ұзақ мерзімге сотталған «Сыра королі» Тоқтар Төлешовтен қанша ақша өндірілгенін жария етті. Қадағалау органдары өкілдерінің айтуынша, күні бүгінге дейін сотталушыдан мемлекет пайдасына 1 млрд 215 млн теңге түскен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекеттік сот орындаушысы 2017 жылдан бері Тоқтар Төлешовтен мемлекет пайдасына 1 млрд 400 млн теңге өндіруі керек болған.

«Іс-құжаттарды зерделеу нәтижесінде ЖШС-нің жарғылық капиталындағы активтері ретінде берілген борышкер Тоқтар Төлешовке тиесілі мүліктері анықталды. Алайда аталған мүліктерінен өндіруді ұзақ уақыттан бері жүзеге асыра алмаған. Қала прокуратурасының тікелей араласуымен мемлекеттік сот орындаушы аталған мүліктерге бағалау жүргізді. Нәтижесінде соттың ұйғарымы бойынша олар мемлекет пайдасына берілді. Атқару өндірісінің аясында сотталушыға қатысты үкім орындалып, жалпы сомасы 1 млрд 215 млн теңгені құрайтын борышкер мүлкінің бюджетке түсуі қамтамасыз етілді. Сот үкімінің әрі қарай орындалуы прокуратураның бақылауында болады», делінген хабарламада.

Еске салайық, ел ішінде «Сыра королі» атанып кеткен сыра зауытының бұрынғы қожайыны Тоқтар Төлешов 2017 жылы Қылмыстық кодекстің бірнеше бойынша айыпты деп танылған болатын. Еңбекші аудандық соты оны түпкілікті 21 жыл бас бостандығынан айырып, жазаны барынша қатаң түрде өтеуге үкім еткен. Сондай-ақ, бұрынғы кәсіпкерден мемлекет пайдасына 1 млрд 400 млн теңге өндіруді белгілеген еді.