04 шіл, 2019 сағат 15:03

Судьялық кадрлар әлсіз болса, супер заңдар бізге көмектеспейді - Асанов

Судьялық кадрлар әлсіз болса, онда ешқандай супер-заңдар бізге көмектеспейді. Бұл туралы елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші жалпы отырысында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазіргі кезде "Сот әділдігі қашан нақты әділетті болады?", "Соттарда сыбайлас жемқорлық қашан жойылады?", "Соттардан біліксіз судьялар қашан кетеді" деп бізден сұрап жатады. Президент мырза, 2020 жыл біздегі сот әділдігінің сапалы серпілісінің бастауы болатынына сенімдіміз. Бұл сенімділік қандай тұжырымға негізделген? Маңызды алғышарттарды 2018 жылы Елбасы қалаған болатын", - деді Жақып Асанов.

Сонымен қатар Жоғарғы сот төрағасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасының да маңызды ықпалы бар екенін атап өтті.

"Өткен 1,5 жылда барлық күш-жігер мен ресурстарды ондаған қанатқақты жобалар мен 17 заңдағы түзетулерге бағыттадық. Қазіргі кезде бұл жұмыс жоғары қарқын алып отыр. Алайда түбегейлі өзгерістер уақытты талап етеді. Объективті шектеулер мен судьялардың тәуелсіздігі, сот төрағаларының тәуелсіздігі бар. Соттарда басқару мен шешімдерді қабылдау жүйесі басқа құрылымдардан түбегейлі өзгеше. Кез келген меморганда өзгерістер бірінші басшының бұйрығымен орын алады. Судьяларда басшысы болмайды, әрқайсысы шешімді өзі шығарады. Сондықтан соттардың  адами капиталын дамыту - бұл сот реформасының негізі. Егер де судьялық кадрлар әлсіз болса, онда ешқандай супер заңдар бізге көмектеспейді. Бұл проблеманы қалай шешу керек? Оның жауабы оңай, яғни судья мамандығын тартымды ету керек", - деді Жақып Асанов.

Осы орайда ол еңбекақының төмендігі, жұмыстағы шектен тыс жүктеме, судьяларды іріктеудегі кемшіліктер бұл салаға білікті мамандардың тартылуына кедергі болғанын атап өтті.  

Сондай-ақ, Жоғарғы сот төрағасы біліктілігі төмен судьялар үшін сотқа жол жабық екенін айтты.

"2019 жылдың қаңтарынан еңбекақы (судьялардың) елеулі түрде артты. Әсіресе, қарап жатқан істері қиын әрі жұмыс көлемі ауқымды адамдардың еңбекақысы өсті. Екіншіден, дау-дамай жоқ істерден босатып жатырмыз. Биылғы мамырдан бастап 10 жылда алғаш рет сот жүктемесі қысқарып келеді", - деді Жақып Асанов.

Оның сөзіне қарағанда, атқарылып жатқан тың қадамдардың бірі HR менеджмент тетіктерімен судьяларды іріктеудің жаңа жүйесін жүзеге асыру болғанын атап өтті.

"Бұл өз кезегінде бастапқыдан қатаң тосқауылды қояды, яғни биылдан әлсіз судьялар үшін сотқа жол жабық болды. Сонымен қатар, Жоғарғы сот кеңесі үлкен рөл атқарады", - деді ол.

Осы орайда Ж. Асанов зияткерлік және монополиялық құқық, салық, жер қойнауын пайдалану, экология саласындағы білікті заңгерлерді судьялық қызметке шақырды.

Оның сөзіне қарағанда, егер де қызметтегі судьяның біліктілігі төмен болса, этика бойынша проблемасы байқалса немесе сыбайлас жемқорлыққа жақын болса, онда жаңа жүйе бойынша ол адам бұл қызметте отыра алмайды.

"Ұқсас істер бойынша әртүрлі шешімдер шығарылып жатады деп бізге сын айтылады. Анық емес заң нормалары салдарынан әрқайсысы оны өзінше түсінеді. Ал көптеген нақты жағдайлар бойынша заңнамада тиісті жауапты табу қиын. Сондықтан Жоғарғы сот "Атамекен" ҰКП-мен бірлесе ведомствоаралық 5 топты құрды. Оның мақсаты - салық, жер, жер қойнауын пайдалану және басқа да мәселелер бойынша бірыңғай тәжірибені қалыптастыру", - деді Жақып Асанов.