23 қаз, 2020 сағат 15:11

Судьяларға ақпараттық қысым күн өткен сайын артып келеді - Жоғарғы сот

Судьяларға ақпараттық қысым күн өткен сайын көбейіп келеді. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл, бүгінгі күн тәртібіндегі өте өзекті мәселе. Оны Президенттің өз ауызынан естігенімізге қуаныштымыз. Шын мәнінде, судьяларға ақпараттық қысым күн өткен сайын көбейіп келеді. Әсіресе, заңды білмейтін, «түймедейді түйедей қылатын» блогерлер тарапынан бар. Өкінішке орай, кейбір кәсіби адвокаттардың өзі сот үкімі шықпай, процесс аяқталмай жатып шешімдерін халыққа таңып жатады. Судьянікі дұрыс деп шығатындарды да байқап отырмыз. Әрине, мұның бәрі заңға қайшы», - деді ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, еліміздің Конституциясында нақты істерді қарау кезінде судья тәуелсіз және оған ешкімнің құқығы жоқ екендігі жазылған.

«Мұндай араласу болған жағдайда заңымызда шара қолданылатындығы көрсетілген. Бірақ, бұл заң әзірге әлсіз болып тұрған сияқты. Азаматтардың сөз бостандығын жақсы түсінеміз. Алайда, сөз бостандығын желеу қылып, судьялардың тәуелсіздігіне қол сұғуға болмайды», - деді Айдос Сәдуақасов.