16 мам, 2024 сағат 19:24

Су басқан мектептер, цифрландыру, оқушылардың қауіпсіздігі. Биылғы оқу жылы қалай өтті?

Фото:baq.kz

Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Биыл мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтарында 5 миллионнан астам бала оқыған екен. Бұл Қазақстан халқының төрттен бір бөлігі. 


Әдетте елімізде осы 5 миллион баланың біліміне жиі өзгеріс енгізіп, тәжірибе көп жасалып жатады. Мысалы, былтыр Оқу-ағарту Министрінің бұйрығымен оқу жылы мамырдың соңына дейін жалғасқан. Ал биыл ол жаңашылдық алынып тасталып, бұрынғыша 25 мамыр еліміздің барлық мектептерінде сабақ аяқталмақ. Жиі болатын өзгерістерге жұртшылық наразы болып жатады. Деседе, өзгерістердің жағымды тұстарын да көрсетіп жатқандар бар.

Биылғы оқу жылындағы өзгерістер

Биылғы жылы алғаш рет білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында 5-8, 10 сыныптар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихандар өткізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева  айтты.

«Биыл бастауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Ал 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар өткізілетін болады. Емтихандар аяқталған соң олар да жазғы демалысқа шығады», -деді вице-министр Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен баспасөз отырысында.


Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы мектептерде салтанатты соңғы қоңырау шарасы тек қана бітіруші сыныптарға ғана өткізілетіні, ал басқа сыныптар тек сынып сағатымен шектелетіні хабарланған. Оқу жылын қорытындылау аттестациялары да жылдағыдай 9-11 сыныптар үшін болмайды. Аттестатқа жылдық қорытынды бағалар қойылады. 

«Мектептерде «Білімім отаныма» атты сынып сағатының өтуінің мақсаты жылдық қорытынды жасау. Бала және сынып осы жылы білім алуда қандай жетістікке жетті, соны анықтау. Ал мектеп бітірушілерге келер болсақ, олар мектеп қабырғасын бітіріп кеткесін қоңырау олар үшін қайтып естімейтін болады. Қазір менің жасымдағы адам үйреніп қалған классикалық қоңырау үні қазіргі мектептерде жоқ. Қазір қоңыраудың орнына қазақтың күйі ойнайды. Бітірушілерге келер болсақ, мектеп алдында 70 адам тұрғанда мектеп бітіру кеші 11 сынып оқушылары үшін мағынасын жоғалтады. Министріміз Ғани Бектайұлы шынымен де естеліктерге, жылуға толы болатын, балалар бір аудиторияға жинала алатын соңғы қоңыраудың жаңа форматын нақты анықтауды ұсынып отыр. Біз бітірушілерге соңғы қоңырау кешін өткізу форматын өздеріңіз ойлап табыңыздар деп отырмыз», -деді Наталья Жұмаділдаева .


Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан:  биылғы жаз маусымында мектеп оқушыларының 92%-ы демалыс және бос уақытын ұйымдастыру шараларымен қамтылады деп  жаз маусымына дайындықтар ерекше бақылауда екенін мәлімдеді. 


Сонымен қатар вице-министрдің сөзінше балалардың бос уақытын ұйымдастыру оларды еңбекпен, туристік, шығармашылық, интеллектулдық, халықаралық іс-шаралармен қамту бағытында жүргізіледі және республика көлемінде 81,1%-ы құрайды.

Мектептер қашан интернетке қол жеткізеді?

Қазақстанда мектептерді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып келе жатқаны белгілі. Әсіресе пантемия кезінде елдегі цифрландырудың ақсаған тұстары ерекше байқалды. Құзіретті мекеме басшыларының сөзінше «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 2066 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. 
 

«Бүгінде Starlink технологиясы пилоттық жобасы шеңберінде 1993 мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылатын болады. Бүгінгі таңда 624 (31%) мектеп Starlink жерсеріктік интернетіне қосылды», -дейді Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова .


Топан су басқан аймақта балалар қалай ҰБТ тапсырады?

Айта кетейік, еліміздің 14 аймағы үшін негізгі ҰБТ басталды, тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Ал, төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде, атап өтсем Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелу уақыты 20 мамырға дейін ұзартылды, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі.

«Су тасқыны болғант 6 аймаққа министр тарапынан арнайы гранттар бөлінеді. Төтенше жағдай орын алған аймақтағы балалар үшін ҰБТ тапсыруда жеңілдік жасау туралы депутаттардың да ұсыныстары болды. Аймақ басшыларының өздері су тасқыны болған өңірлердегі халықпен кездесіп, оқытушылар мен оқушылармен кездесіп, сондай шешім қабылдады»,  -деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдрасылов.