Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен «Жастар синергиясы — бірлік энергиясы» форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты жоба жасап шығып, оны түрлі сайыстарда қорғап қана қоймай, сәтті жүзеге асырған жастардың өзара тәжірбие алмасуы еді. Жас энтузиасттардың форумына қолданбалы қолөнер шеберлері, стартап-жобалар авторлары, этномәдени бірлестіктер жастарының өкілдері, жастар үкіметтік емес ұйымдарының мүшелері, білікті кәсіпкерлер, жалпы еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық адам қатысты.
«Табысты жобалар шеруі» алаңында жобасы туралы айтып бергендердің қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Мәулен Бектұрғанов та бар. Өнертапқыш жігіттің есімі 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы жастар қанаты ұйымдастырған NURINTECH байқауынан кейін елге жайыла бастады. Мәулен жасанды қол, яғни бионикалық протез жасап шығарған. Оны ең алғаш рет 2015 жылы қолға алған екен.
– Бионикалық протез жасай бастағанымда әлемде аналогы бар қолды не үшін жасап жатырсың дейтіндер болды. Біз осындай протездерді шетелден тым қымбат бағада сатып алып жатырмыз. Ондай бағаны бәрінің қалтасы көтере бермейді. Әрі қолға сай келетін протезді іздеп табуға да мүмкіндік аз. Сондықтан қолжетімді бағада отандық өнім шығаруға бел байладым, – дейді Мәулен.
Өнертапқыш көбіміздің соңғы жаңалықтардың бәрі тек АҚШ-та бар деп ойлайтынымыздың қате пікір екенін айтады. Әлемдегі ең мықты мемлекет санайтын Американың өзінде жасанды бионикалық қол шығарылмайды екен. Негізі әлемде жасанды қол шығаратын мемлекет аз. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде бар болғаны он шақты компания жұмыс істейді. Сондықтан Мәулен бұл салаға қатты қызығыпты. Екі жыл бойы жасаған жобасының нәтижесінде Астанада MBionics компаниясы құрылған. Қазір сұраныс күн санап артып, қазақстандық нарықта аты қалыптасып келе жатыр.
– Енді жасанды қол жасатқысы келетін ІІІ топтағы мүгедектер шетелге бармай-ақ, отандық бионикалық протез-қолды бізден ала алады. Біздің компания өздері өндіретін жасанды қолға кепілдік береді. Біз бірінші кезекте ақша үшін емес, ғылым мен тәжірибе үшін жұмыс істейміз, – деді М.Бектұрғанов.
Жобалар алаңында «Байсерке-Агро» агрохолдингі құрылтайшысының кеңесшісі К. Павлов заманауи ауылшарауашылығында органикалық өнімдерін өндіру жағдайындағы қолданылып жатқан инновациялар мен технолгиялар жайлы ақпарат берді. Ал «Ауыл — мемлекет тірегі» презентациясымен жобаның құрушысы Д.Корепанов, «Жаңа шешім» білім қорының бас директоры В.Ким балаларға тіл үйретудің жаңа әдістемелерін айтып берді. Спикерлерге ең қызықты әрі мағыналы сұрақ қойғандарға естелік сыйлық тарту етілді.
Форумның «Business camp» атты екінші алаңында шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізілді. Бизнеске үйрену жолдарымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Исламбек Сәлжанов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тақырыбында бағалы кеңестер беріп, тыңдаушыларға табыстың шыңына көтерілу бағытын, жолын көрсетті. Елімізде экономикалық дағдарыс орнаған 90-жылдары Қазақстанда екінші деңгейлі банк те, «жеке бизнес» деген ұғым да болмаған. 1993 жылы медициналық университетті бітірген ол, не де болса бинес ашуға, күн көруге бел буады. Алайда ол уақытта жол көрсететін, тіпті үлгі алатын бұл салада ешкім жоқ. Кәсіпкерлікте бағыт-бағдар беретін әдебиет те болмай шығады. Дейл Карнегидің кітабынан басқа. Ол кітаптың арқасында Исламбек мырза капитализмнің не екенін түсініп алғанын айтады.
– Бізді алып шыққан жастығымыз бен өзімізге деген сеніміміз. Өмірде қандай қиындық кездессе де кітаптан бас алмауға тырсытым. Барлық жағдайдан алып шығуға кітаптың берген пайдасы, тигізген көмегі көп. Алдыңа үлкен мақсат қойып, мықты компаниялар мен табысты кәсіпкерлерден үлгі алу керек. Мен көп оқыдым және қазір де көп кітап оқимын. Кітап оқу өмір сүруге деген құштарлықты оятады, – дейді кәсіпкер.
«Адамды кешенді дамыту академиясының» басшысы, кәсіпкер-инвестор В.Попов стартаптың жетістіккке жетелейтін бағыттаушысы екендігін айтты. Ал «Bolashak Engineering» компаниясын құрушы Ә.Мүтәлі бизнесті ең төменгі қаржы капиталмен қалай бастауға болады деген сұраққа өз тәжірбиесі арқылы жауап берді.
Таңшолпан Төлеген