17 ақп, 2021 сағат 22:20

Станциядағы сейфтен 1 млн теңгеге жуық қаражат ұрлаған адам ұсталды

Көлік полицейлері «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалының сейфінен 1 млн теңгеге жуық қаражат ұрлаған ер адамды ұстады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы 1 станциясындағы Желілік полиция басқармасына «Жолаушылар тасымалы» АҚ аймақтық филиалдарының біріне тиесілі инкассаторлық касса бөлмесіне белгісіз тұлғалардың заңсыз кіріп, сейф ішінен ақшалай қаражат жымқырғаны туралы хабарлама келіп түсті. 

Аталғана факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен, яғни, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Аталған қылмысты ашу мақсатында көлік полициясының тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында қылмыс жасады деген күдікпен Алматы облысының 27 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды.

Тексеру барысында қаскөйдің түнгі уақыт кезінде арматурамен терезе темірторын бұзып, бөлме ішінде тұрған метелл сейфті ашып, оның ішінен 1 млн теңгеге жуық ақша ұрлағандығы анықталды. Сондай-ақ, ол осы қылмысты жасау мақсатында жоғарыда аталған мекеменің кассирімен алдын ала жоспарлы достық қарым-қатынас орнатып, оның жұмыс орны жайында толық мәліметтерді біліп алғандығы белгілі болды.

Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 сотының үкімімен ер адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.