Ресейлік "Союз МС-14" кемесі Халықаралық ғарыш станциясына ресейлік FEDOR роботын жеткізді. АҚШ ғарыш агенттігінің (NASA) хабарлауынша, ғарышқа экипажсыз ұшырылған кеме 27 тамызда Моңғолияның шығыс бөлігінен 400 километр биікте станциямен түйіскен, деп жазады Азаттық.
Ғарыш кемесінің станциямен түйіскен сәтін ресейлік "Роскосмос" мемлекеттік ғарыш корпорациясы сайтында тікелей эфирде көрсетті.
"Союз-МС-14" кемесін 22 тамызда Ресей Қазақстаннан жалға алып отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған "Союз-2.1а" зымыран тасығышы жер орбитасына шығарған.
24 тамызда "Союз МС-14" кемесі халықаралық ғарыш станциясының "Поиск" модуліне түйісе алмаған соң араға уақыт салып тағы бір қайталап көруді ұйғарған. Ол үшін ғарыш станциясына бұған дейін жетіп, түйіскен "Союз МС-13" ғарыш кемесін басқа модульге ауыстырып, одан босаған "Звезда" модуліне "Союз МС-14" кемесін түйістіру туралы шешім қабылданған болатын.