Ақтөбеде жазда болған лаңкестік оқиға кезінде содырлар атысқа арақ ішіп шығыпты. Сол кезде жаралыларға көмек берген дәрігерлер осылай деп отыр. Ал бүгінге дейін тергеу құпиясына байланысты жақ ашқан жоқпыз дейді ақ халаттылар. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
"Қолына қару ұстап, адам атқан әр бандиттің қасында болдым. Көрдім. Арақтың иісін мен де сезем. Ішкен бәрі. Емделіп шыққандары да ішкен. Өлгендері де, жарақаттан өлгендері де ішкен", - деді Ақтөбе облыстық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстан.
Жиһад деп шыққан экстримистерден мүңкіген арақ иісін сезген мамандар сол кезде сынама алған екен. Содырлардың барлығының қанынан алкоголь табылыпты. Тіпті біреуінің есірткі пайдаланғаны белгілі болған.
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, оны сот-медициналық сараптама жүргізгендер іштерінде бүгіп отыр екен.
Айта кетелік, 5-ші маусымда 45 әсіредіншілді Дмитрий Таңатаров жалдамалы пәтерге жинаған. Кейін жиналғандардың жартысы қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, әскери бөлімге басып кірген болатын. Сол лаңкестік оқиға кезінде 7 адам қаза тауып, содырлардың 18-нің көзі жойылды. Ал тірі қалған жетеуі енді өмір бойы бостандық көрмейді. Жақында сот тек екі содырдың тәубесіне келгенін түсініп, 20 және 22 екі жылға үкім кесті. Сондай-ақ, шабуылға шығудан бас тартып, жарты жолдан қайтқандар 2-5 жылдан жаза арқалаған айта кетейік.