Елімізде «Қазақстанның Еңбек ері» мен «Социалистік еңбек ері» атағына ие азаматтар алатын жәрдемақы теңестірілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін ҰОС ардагерлері қатарындағы «Социалистік еңбек ері» санатындағы азаматтар мен «Социалистік еңбек ері» атағы бар азаматтарға берілетін жәрдемақыны 74,96 АЕК-тен 138 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылды. Бұл ретте 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие азаматтар үшін 138 АЕК (385 мың теңге) көлемінде жәрдемақы барын атап өту керек. Алайда «Қазақстанның Еңбек ері» мен «Социалистік еңбек ері» атағына ие азаматтар алып жүрген төлемнің айтарлықтай айырмашылық байқалды», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Оның айтуынша қазіргі уақытта елімізде «Социалистік еңбек ері» атағына ие 75 азамат бар.
Айта кетсек бұған дейін Ерлан Әукенов Қазақстанда ардагерлердің жаңа санаттарына енген азаматтарға қандай жәрдемақы берілетінін айтып берген болатын. Ардагерлердің жаңа санаттарына енген азаматтарға ай сайын 4,8 АЕК көлемінде, яғни 13 435 теңгелік арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау ұсынылып отыр. Сонымен қатар оларға бұрын көрсетіліп келген жеңілдіктер мен кепілдіктер күшінде қалады