11 ақп, 2022 сағат 14:08

Сот сараптамасына қолданып жүрген құралдардың 68 пайызы тозған - маман


Елдегі сот сараптамалық нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 31 млрд теңге қажет. Әділет министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осындай проблема көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр Қанат Мусин жиынға қатысушылардан сот сараптамалық қызметтің сапасын көтеруге не кедергі болып отырғанын сұрады. 

Мамандардың айтуынша, негізгі проблема материалдық-техникалық базаға тіреліп тұр.

«Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында сот сараптама орталығының құрылысы аяқталды. Бұл кейінгі 10 жылдағы ең ірі жоба деуге болады. Қазақстан бойынша дәл осындай сот сараптамасының ғимараты болып көрген жоқ. Келесі жылы, одан кейінгі жылдары да Парламент пен Қаржы министрлігі біздің осы астанадағы сияқты ғимарттарды басқа қалаларда салу туралы ұсыныстарымызды қолдайды деп үміттенеміз.

Сондай-ақ күрделі сот сараптамаларын өткізуге қажетті жаңа, заманауи қондырғылар сатып алсақ деген ойымыз бар. Мысалы, дактилоскопиялық-геномдық сараптама жүргізуге, молекулярлық-генетикалық зертхана жұмыстарын жүргізуге арналған құрылғылар керек», - деді вице-министрі Азамат Әмірғалиев.

Оның айтуынша, әлемде сот сарапатамасының тәсілдері жылдам дамып жатыр. Сол үшін жыл сайын қондырғылар мен құралдарды жаңалап отыруға бюджеттен 1,5 млрд теңге сұрап жүр.

Сот сараптамалар орталығы директорының міндетін атқарушы Рахметолла Нұғмановтың айтуынша, сараптама өндірісінде қолданылатын құралдардың басым бөлігі тозған. Ең жаңа дегендерінің өзіне 5 жыл бұрын алынған.

«Жалпы материалдық-техникалық база бойынша қажетті құралдарға 31 млрд теңге керек болып тұр. Балансымызда 19,2 млрд теңгенің мүлігі бар. Соның ішінде 9 млрд теңгенің мүлігі өндіріске тікелей қатысты. Бұл 9 млрд теңгелік базаның 68 пайызы тозған. Тек 32 пайызы қалды. Сонда 6,5-7 млрд теңге қазірдің өзінде қажет деген сөз. Соңғы алған қондырғымыздың өзі 2016 жылы шыққан. Оның алдындағылары тіпті 2007 жылдары алынған», - деді маман.